20.11.2017
АҚШ Конгрессінің кітапханасы белгілі режиссермен сұхбат құрды
Ағымдағы жылдың 19 қазанында Конгресс кітапханасы Ұлыбританияның танымал кинорежиссері Кристофер Ноланмен кездесу кешінің ұйымдастырылуы жөнінде мәлімдеме таратты. Кітапхананың бетке ұстар қызметкерлерінің бірі Карл Хайденнің айтуынша, Нолан фильмдер мен бейне құжаттарды сақтау ісін қолдауда зор белсенділік танытады. Мемлекеттің тарихына сыйластық пен қамқорлықпен қарайтын режиссермен кездесу барысында кино саласындағы маманның жеке тәжірибесі, кинематографияның тарих пен мәдениетке деген ықпалы, бейне құжаттарды сақтау маңыздылығы, т.б. тақырыптар қозғалмақ. Тыңдармандардың кеш қонағына тікелей сұрақ қоюына мүмкіндігі бар.
Естеріңізге сала кетсек, Кристофер Ноланның Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен сыр шертетін «Дюнкерк» атты фильмі көпшіліктің көңілінен шыққан болатын.
https://www.loc.gov/item/prn-17-150/librarian-to-host-conversation-with…
Франция ұлттық кітапханасында деректі фильмдер айы өтеді
Кинематография – саяси және идеологиялық құрал. Оны дәлелдеу үшін Франция ұлттық кітапханасы көрермендерді алғашқы деректі фильмдермен таныстыруды ұйғарды. Іс-шара барысында қонақтар кино тілі, фильмдегі символика секілді түсініктермен танысады. Сонымен қатар, Ален Кавалье, Пол Крачтен, Аббас Фадел, Сэмюэл Фуллер, Фолькер Коепп, Клод Ланзманн, Сергей Лозница, Марсель Офульса, Бинг Ванг сынды т.б. кино майталмандарымен пікір алмасу кеші өтеді.
Көрсетілім айы 2017 жылдың 3 желтоқсанына дейін жалғаспақ.
http://www.bnf.fr/fr/la_bnf/dpt_aud/s.actualites_audiovisuel.html?first…
Минск қаласында мәдениет қайраткерінің көрмесі өтті
Беларусь Республикасының президенттік кітапханасында Галина Безбородконың жеке топтамасы таныстырылды. «Бақытты кестеге тігіп...» («Вышью я кусочек счастья...») көрмесінде Беларусь Республикасы мәдениет қайраткерінің топтамасына жиналған сүлгілер ұсынылды. 50 жылдам астам уақыт бойы этнографиялық бұйымдарды жинақтаумен айналысатын Г.Н. Безбородко Беларусь, Ресей, Украина елдерінің ұлттық киімдері мен сәндік-қолданбалы өнеріне қызығады. Көрмеде ұсынылған 500-ге жуық жәдігерлердің кей үлгілері 100 жылдан астам уақыт бойы сақталған. Іс-шараның ашылу рәсіміне Украинаның Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Игорь Кизим мен елшілік қызметкерлері, Украина диаспорасының өкілдері қатысты.
https://www.preslib.org.by/news/type1/vyshyu-ya-kusochek-schastya
Ғылым қалашығы тарихқа көз жүгіртті
«Ельцин орталығындағы Ғылым қалашығы» («Наукоград в Ельцин центре) атты балалар клубы өз жүйесіндегі білім беру бағдарламасын кеңейтті. «Менің шағын музейім» («Мой маленький музей») жобасы аясында бүлдіршіндер уақыттың не екенін, ғалымдардың оны қалай анықтайтынын түсінуге тырысты. Олар «біздің заманымыздан бұрынғы» және «біздің заманымыздағы» уақыттың айырмашылықтарын ұғынды. Арнайы ойындардың көмегімен балалар алғашқы қоғам, ежелгі дүние, орта ғасырлар, жаңа заман, қазіргі заман секілді дәуір ұғымдарымен танысты. Бұл әдіс олардың тарихқа деген қызығушылықтарын арттырып, білім қорларын толықтырды.
https://yeltsin.ru/news/izuchaem-istoriyu-muzejnaya-igra-beg-vremeni/
Екатеринбургте заманауи өнер көрмесі ашылды
Ельцин орталығының өнер галереясында «Мүдделестер» («Единомышленники») көрмесі ашылды. «Гараж» заманауи өнер музейінің жобасымен құрылған көрме мүмкіндігі шектеулі адамдарға қол ұшын созады. Жоба ұйымдастырушыларына серіктес болған Евгений Ляпин, Елизавета Морозова, Полина Синева, Елена Федосееваның көмегімен түрлі мүгедектікке шалдыққан жандар өнердің мәнін, оның астарында жатқан терең ойды ұғына алады. Көрмеде Сесили Браун, Маурицио Каттелан, Марк Куинн, Джон Миллер, Роб Пруитт, Нео Раух, Роберт Раушенбер, Эд Рушей, Дженни Савиль, Элен Стюртевант, Джеймс Таррелл, Розмари Трокель, Синди Шерман сынды шеберлердің жұмыстары ұсынылған.
https://yeltsin.ru/news/publichnaya-programma-k-vystavke-edinomyshlenni…
Қалдықтардан жасалған туындылар көрмесі адамзатты тазалыққа үндеді
Гейдар Алиев қорының бастамасымен Баку қаласында «Қалдықтардан өнерге» («Tullantıdan sənətə») атты VI халықаралық көрме ашылды. Оның барысында туындыларын тұрмыстық қалдықтар мен керексіз құралдардан жасап шығарған 9 елдің 25 шебері таныстырылды. Іс-шара басты мақсаттарының бірі – адамзатқа қоршаған ортаға күтіммен қараудың, тазалық сақтаудың маңызын жеткізу.
Аталмыш көрмеге алты жылдың ішінде әлемнің 36 елінен 140 адам қатысқан.