2018 жылғы 16 мамырда, сағ. 17.00-де Елбасы кітапханасының Музейінде Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, суретші Ренат Елубаевтың «Мәңгі елес» атты жеке көрмесі ашылады. Аталмыш көрме «Үкілі үміт» жастар шығармашылығын қолдауға бағытталған Кітапхана көрме жобасының аясында ұйымдастырылмақ.
Ренат Елубаев – көптеген республикалық, халықаралық көрмелерге қатысушы. 2015 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен «New York Realism» fine art» халықаралық көрмесінде суретші алтын медальмен марапатталып, Беларусь мемлекетінде өткен «Куршинале-2015» халықаралық өнер олимпиадасында «Кескіндеме өнері» номинациясы бойынша Гран-при иеленген. Сонымен қатар ол Ресей, Италия, Армения сынды түрлі елдерде өткен халықаралық байқаулардың жүлдегері.
«Мәңгі елес» көрмесінде көпшілік назарына ұсынылған туындылар импрессионизм жанрында орындалған. Бұл суреттер 2017-2018 жылдар аралығында салынған.
«Мәңгі елес» көрмесі 2018 жылдың 10 маусымына дейін жалғасады.
Мекенжайымыз: Астана қаласы, Бейбітшілік к-сі, 11.