«Әлемді өзгертетін идеялар» ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары анықталады

2017 жылдың 28 сәуірінде сағат 15:00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде (Бейбітшілік к-сі, 11) оқушылар арасындағы «Әлемді өзгертетін идеялар» ғылыми жобалар байқауының ақтық кезеңі және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.

Байқауды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі және «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырып отыр.

Байқаудың негізгі мақсаттары мен міндеттері:

– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында қоғамдағы өзекті мәселелерді танып білуге және шешу жолдарына бағытталған оқушылардың ғылыми-зерттеушілік және оқу-танымдық қабілетін ынталандыру;

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын кеңінен насихаттау және жүзеге асырудағы оқушылардың ғылыми жұмыстарының деңгейі мен негізгі үрдістерін зерттеу;

– мейілінше дарынды да талантты жас зерттеушілерді анықтау мен қолдау;

– Қазақстан Республикасының зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету.

Байқаудың І кезеңі (мектепішілік) 2017 жылдың 1 наурызына дейін Астана қаласы білім беру мекемелерінде өткізілді. Іріктеу кезеңінен сүрінбеген 43 оқушы 31 ғылыми жобасын қалалық кезеңде қорғайды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі мен «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының көп жылдық әріптестігі аясында астаналық мектептердің 8–10 сынып оқушылары арасында «Әлемді өзгертетін идеялар» атты қалалық байқауы үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Оны өткізу идеясы 2014 жылдың 30 қыркүйегінде Елбасының кітапханасында өткен дөңгелек үстел барысында туындады.

«Әлемді өзгертетін идеялар» әлеуметтік жобасы Елбасының кітапханасында екі күндік семинар-тренинг циклі және жыл сайынғы оқушылардың ғылыми жобаларының қалалық байқауы шеңберінде жүзеге асады.

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының шешімі бойынша жаратылыстану және гуманитарлық бағыттар бойынша анықталды.

Мекенжайы: Астана қ., Бейбітшілік к-сі, 11