Волонтерлік және тәжірибе

Волонтерлік

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру қызметінің маңызды бағыттарының бірі – волонтерлермен жұмыс.

2019 жылды Елбасы Н.Ә. Назарбаев Жастар жылы деп жариялады. Елбасы 2019 жылдың 24-қаңтарындағы Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде атап көрсеткендей: «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз».

Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев Волонтер жылы деп жариялаған 2020 жыл Жастар жылының қисынды жалғасы болды. Волонтерлік – жастардың әлеуметтік саладағы белсенділігін дамытатын бағыт.

Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев өзінің сөйлеген сөзінде: «Волонтерлік – бұл тек тегін жұмыс емес, ол азаматтың жауапкершілігі мен әлемді жақсартуға дайындығының көрсеткіші», - деп атап көрсетті.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы еріктілер қозғалысы дамудың жаңа сатысына өтті. Жас ұрпақтың санасына қоғам игілігі үшін ерікті түрде еңбек етудің адамзатқа қажеттігі, оның жалпы елдің бақуатты өмір сүру шарттарының бірі екені туралы түсінік ұялады.  Инновациялық технологиялар ерікті-студенттердің әлеуметтік тәжірибе жинақтауына және оларды ынталандыратын талап-ниеттердің одан әрі кең қанат жаюына көмектеседі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру бағдарламасын іске асыру аясында жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде «Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті», «Елорда – мемлекеттік бірліктің символы» тақырыптарында еріктілер сағаты өткізіледі. Сабақтарда мектеп оқушыларына Елбасының балалық шағы мен мектепте оқыған жылдары, спортпен шұғылданудағы және қоғамдық қызметіндегі жетістіктері айтылады. Сабақ барысында Елбасы кітапханасының архив, музей, кітапхана қорларынан алынған материалдар пайдаланылады.

Елбасы кітапханасының еріктілер жобасы қоғамдық қатынастардың белсенді субъектісі ретінде жастардың әлеуетін ашуды, патриоттық құндылықтар мен әлеуметтік жауапкершіліктік мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруды көздейді.

Елбасы кітапханасының еріктілері халықаралық, республикалық және қалалық ауқымдағы іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысады. Бұл құзыреттілікті дамытуға белсенді өмірлік ұстанымдары мен дағдылары ықпал етеді.