Ғылыми бағдарламалар

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН. ЖАҢА БЕЛЕСТЕР»

ғылыми бағдарламасы

 

Тәуелсіз қазақстандық мемлекеттілікті саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың негізгі кезеңдері мен басты үдерістерін кешенді және жүйелі зерделеуге, Қазақстанның жетістіктерін ел ішінде және шет елдерде ғылыми-талдамалық, ақпараттық-имидждік ілгерілетуге, зерттеу нәтижелеріне кеңінен қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған Елбасы кітапханасының қызметі ғылыми бағдарламалар мен жобаларды іске асыруда өзінің жүйелі көрінісін табады.

Кешенді ғылыми-зерттеу жұмысы «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН. ЖАҢА БЕЛЕСТЕР» ғылыми бағдарламасын іске асыру арқылы ұйымдастырылған. Зерттеулер 2 ғылыми жобаның бағыттарына сәйкес жүргізіледі:

1. «Қазақстан әлемдік қоғамдастықта: стратегиялық бастамалар» ғылыми жобасы;

2. «Қазіргі сатыдағы Қазақстан»  ғылыми-ағартушылық жобасы.

Аталған бағдарлама тарихи, саяси, әлеуметтік және музейтанушылық зерттеулер жүргізуді; қоғамдық-саяси және ғылыми-көпшілік журналдарда жинақтар, монографиялар, ғылыми-әдістемелік материалдар, мақалалар мен жарияланымдар басып шығаруды; конференциялар, оның ішінде халықаралық конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттарын өткізуді; Кітапхананың ғылыми-білім беру бағдарламасы арқылы қызмет нәтижелерін насихаттауды көздейді.

 

 «Қазақстан әлемдік қоғамдастықта: стратегиялық бастамалар»

ғылыми жобасы

Бұл жобаның мақсаты егемендік алған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі заңдылықтары мен қалыптасу және даму үрдістерін зерделеуден, сондай-ақ әділ бейбітшілік пен халықаралық тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталған сыртқы саяси бастамаларды жария етуден тұрады.

Қазақстан біздің елімізге халықаралық аренада лайықты орын алуға мүмкіндік берген белсенді сыртқы саяси және бітімгершілік қызметін жүргізуде. Сыртқы саясаттың ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өзара тиімді әріптестік стратегиясын іске асыру жөніндегі қағидаттары Қазақстан Республикасының негізгі бағытын айқын көрсетеді.

Қойылған мақсатқа сәйкес мынадай міндеттерді шешу көзделеді:

1. Қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын дамытудың негізгі үрдістерін қарастыру;

2. Елдің сыртқы саяси стратегиясының жетістіктері мен өзекті мәселелерін зерделеу;

3. Қазақстан Республикасының жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шараларды құруға бағытталған маңызды бастамаларын түсіндіру және ілгерілету.

 

 «Қазіргі сатыдағы Қазақстан»

ғылыми-ағартушылық жобасы

Жобаның мақсаты  қазіргі кезеңдегі қазақстандық қоғамның әлеуметтік-саяси жаңғыруының тұжырымдамалары мен негізгі үрдістерін зерделеу, тәуелсіз мемлекеттіліктің қазақстандық тәжірибесінің жетістіктерін жан-жақты насихаттау, жаңа Қазақстанның қалыптасуының іргелі мәселелеріне, қарышты даму мен жасампаздық дәстүрлерінің сабақтастығына ерекше назар аудару.

Негізгі міндеттері:

1. Қазақстанда азаматтық қоғам және құқықтық мемлекет институттарын қалыптастыру мәселелерін, болашағын зерделеу және талдау;

2. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын елдің ішкі саясатының негізгі бағыттарының бірі және қазақстандықтардың өмір сүруінің жоғары деңгейін қамтамасыз етудің негізгі индикаторы ретінде зерттеу;

3. Қазақстанның көпэтносты халқының гуманистік, адамгершілік әлеуетін, қазақстандықтардың этносаяси және этномәдени қауымдастығын сақтау арқылы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.