Экскурсиялар

Экскурсия қызметі – Елбасы кітапханасы мәдени-ағартушылық қызметінің негізгі әдістерінің бірі. Кітапханада музейлік коммуникацияның барлық компоненттері, атап айтқанда уақытша көрмелер, экскурсиялардың дәстүрлі және жаңа түрлері, аудио-визуалды құралдар және т. б. белсенді түрде енгізілген.

Келушілердің мәдени-білім алу қажеттіліктерін анықтауға және экспозициялардың келушілердің әртүрлі топтарына ақпараттық әсер ету сапасына ерекше назар аударылады.Экскурсия жүргізу әдістемесін жетілдіру мақсатында келушілердің түрлі санаттарына арналған экскурсиялардың әдістемелік әзірлемелері жасалды.

1. Шолу экскурсиялары Елбасы кітапханасына алғаш рет келіп, оның тарихы мен коллекциялары туралы жалпы мағлұмат алуға ниетті келушілерге арналған. Шолу экскурсиясында алынған мәліметтер ақпараттық сипатта болады және негізгі экспозицияларды ұсынады. Экскурсия уақыты – 45-60 минут.

2. Тақырыптық экскурсиялар тұрақты экспозициялар мен уақытша көрмелер негізінде өткізіледі және нақты тақырыпты не мәселені ашуға арналған. Тақырыптық экскурсия тыңдаушыларына экспозицияларға жиі қойылмайтын Елбасы кітапханасының қорларындағы экспонаттармен танысуға бірегей мүмкіндік беріледі.

3. Сабақ-экскурсия экскурсанттардың белгілі бір топтары үшін білім беру жұмысының формасы ретінде қарастырылады. Сабақ-экскурсия Қазақстан тарихының жекелеген тақырыптарын айқындау мақсатында бөлек экспонаттар, топтамалар бойынша музей жинағын танымал ету шеңберінде өткізіледі.

Экскурсияның дәстүрлі түрлерімен қатар Елбасы кітапханасында көшпелі экскурсиялар, квест-экскурсиялар және онлайн экскурсиялар сияқты музейлік коммуникация формалары әзірленіп, енгізілген.

4. «Тұңғыш» экскурсиялық жобасы аясында өткізілетін «Атамекен», «Тарихи таңдау» көшпелі экскурсиялары – Елбасының өмірі мен қызметімен таныстыра отырып, оның жасампаздық-шығармашылық идеялары мен бастамаларын насихаттауға бағытталған. «Музей жинағы» музейтану бағдарламасының жүзеге асырылуының нәтижелеріне негізделген «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының жинағындағы қару-жарақтар коллекциясы» көшпелі тақырыптық экскурсиялары көрнекілік үлгіде Елбасы кітапханасының ең қызықты экспозициялары туралы баяндайды. Бұл – балабақша тәрбиеленушілерінен бастап әскери қызметшілер мен түрлі ұйымдардың қызметкерлеріне дейін тыңдаушылардың кең ауқымы үшін көлемді ақпараттық-имидждік жұмыс. Экскурсияның бұл түрі Елбасы кітапханасында сақталған түпнұсқа экспонаттармен, мұрағаттық материалдармен танысып қана қоймай, экскурсияны интерактивті форматта өткізуге мүмкіндік береді, бұл экскурсанттардың жадында ерекше сақталады.

5. Квест-экскурсиялар жастар аудиториясына бағытталған, экшн мен шытырман оқиғалы компьютерлік ойындардың элементтерін қамтиды, бұл экспозициялармен ойын түрінде оңай және жеңіл танысуға мүмкіндік береді. Елбасы кітапханасында «Тәуелсіздік бастауында», «Мәңгілік ел», «Елбасына апаратын жол» және т. б. квест-экскурсиялар өткізіледі.

6. Онлайн экскурсиялар Елбасы кітапханасының негізгі экспозициялары бойынша заманауи коммуникациялық құралдарды пайдалана отырып жүргізіледі және кең аудиторияға бағытталған.