«Жастар арасында діни экстремизмнің таралуы: жағдайы және даму ағымдары» шеберлік сыныбы өткізілді

  2016 жылдың 3 наурызында Астана қаласы мектептерінің дінтану пәні мұғалімдеріне «Жастар арасында діни экстремизмнің таралуы: жағдайы және даму ағымдары» шеберлік сыныбы өткізілді.

       ХХІ ғасырдың басынан бастап, діни экстремизм мемлекет басшылары мен саяси қайраткерлер және діни лидерлердің бас қосуымен өтетін конференциялар, саммиттер, кездесулердің ең көп талқыға салынатын тақырыбына айналды.
      Дәріскер, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар кандидаты Е.А. Щёлокованың пікірінше, діни экстремизм – бұл демократия мен азаматтық қоғам институттарының қалыптасып дамуына кедергі келтіретін кез келген діннің қауіпті, қараңғы жағы.
 

     Экстремистік ұйымдар өздерінің діни-саяси деструктивті қызметіне адамдарды, оның ішінде жастарды тартуға қашан да мүдделі. Осыған орай, барлық әлемдік қауымдастық үшін өзекті мәселе – діни экстремистік ұйымдардың үгіт-насихатының жастар арасында таралмауына ықпал ету болып табылады.

   Шеберлік-сынып барысында қатысушылар деструктивті діни ағымдардың негізгі қызмет бағыттарымен танысты. Тәжірибелік бөлімінде дәріскер тұлғаны деструктивті бағдарламалаудан қорғаудың үлгілері және әдістері бойынша авторлық құралдармен бөлісті.