«Лидерлік қасиетті дамыту» атты семинар-тренинг өткізілді

2017 жылы 14 ақпанда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының» Музейінде Райымбек батыр атындағы № 50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі 11 сыныбының оқушыларына арналған «Лидерлік қасиетті дамыту» атты семинар-тренинг өткізілді.

 
Қазіргі жастар – халықтың әлеуметтік белсенді бөлігінің бірі, жаңа идеялар, өмірлік күш пен қоғамдық қуаттың генераторы. Жастар – елдің болашағы ғана емес, олар – елдің болашағын жасайтын бүгіні.
 
Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз тәуелсіз егеменді еліміздің негізін қаладық. Біз жаңа құндылықтар жүйесіне тезірек бейімделіп кеткен, болашаққа жаңаша көзқарасы бар жас ұрпаққа сүйене отырып, бұқаралық сананы төзімділікпен жаңғыртуға тиіспіз» деп атап өтті.
 
Өскелең ұрпақтың көшбасшылық қасиетінің қалыптасуы мен кәсіби біліктілігінің жетілуі, патриотизм мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі қоғамның басым міндеттері болып табылады.
 
«Әлеуметтік институттардың тұлғаның көшбасшылық қасиеті мен кәсібилігін қалыптастырудағы рөлі» ғылыми-білім беру жобасын жүзеге асыру аясында Кітапхана Музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының өмірлік тәжірибесін үлгі ете отырып оқушылардың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған кездесулер, дебаттық турнирлер, элективті курстар, сабақтар өткізіледі.
 
Семинар-тренинг екі бөлімнен тұрды.
Бірінші бөлімде Кітапхана Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Омарова Л.Ә. оқушыларды «Елбасытану» элективті курсы аясындағы қызметкерлердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған маңызды құжаттармен және іздестіру мәліметтерімен таныстырды. Ол оқушыларды 2005 жылдан бастап Елбасының туған өлкесі Алматы облысының Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Үшқоңыр ауылы, сонымен қатар, білім алған және еңбек атқарған жерлері Днепродзержинск (Украина), Теміртау, Қарағанды, Алматы қалаларына жасалған ғылыми-іздестіру экспедициялары мен іссапарлар барысында табылған құнды материалдар, құжаттармен таныстырды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы мұрағаттар мен кітапхана қорларынан табылған, бұл уақытқа дейін көпшілікке беймәлім болып келген мәліметтер тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.
 
Іс-шараның практикалық бөлімінде Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Оспанова Ә.Ә. «Жастардың бойында лидерлік қасиетті дамыту» элективті курсының тақырыптық жоспарына сәйкес оқушылардың бойында көшбасшылық қасиеттерді дамытуға бағытталған тренингтік дәрістер өткізді.
 
Тарих ғылымдарының кандидаты Қайыпова Б.М. кіріспе сөзінде:  «Мемлекет басшысы өмірбаянын зерттеуді одан әрі тереңдету және оның тұлғалық және саяси ұстанымын өскелең ұрпаққа насихаттау Кітапхана ғылыми-ағарту іс-шараларының мақсаты болып табылады.  Президент өзінің Жолдауында, Жастар – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегі. Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек жастар үшін жасалуда. Жастардың азат ойлары мен кемел білімдері – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш деп атап көрсеткен болатын» деді.
 
Тренинг соңында оқушыларға естелік сыйлықтар – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы директорының міндетін атқарушы Қасымбеков М.Б. қол қойған «Біздің Президент» кітабы тарту етілді.