Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі жанындағы Педагогтар кеңесінің дәстүрлі отырысы өткізілді

2016 жылдың 21 қарашасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі жанындағы Педагогтар кеңесінің дәстүрлі отырысы өткізілді.

Отырыс жұмысына Педагогтар кеңесінің мүшелері, Астана қ. Білім басқармасының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:

1.  2016 жылдың ІІ жарты жылдығына қорытынды жасау.

2.  Музей қабырғасында серіктестермен бірлесіп ұйымдастырылған конкурстарды өткізу туралы.

Музей директорының орынбасары, тарихи ғылымдарының кандидаты Б.М. Қайыпова өз сөзінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтай отырып, 2016 жылдың ІІ жарты жылдығында Музей мен Астана қ. Білім басқармасының бірлескен жұмысына қорытынды жасады.

Атап айтар болсақ, Білім күні қарсаңында № 64 мектеп-лицейдің бірінші сынып оқушыларына Қазақстан Республикасының Ата Заңы Күніне арналған «Ата Заң – елдігімнің еңсесі» дәстүрлі мерекелік сабағы өтті. Сабақ Президент Резиденциясы кезінде Құрметті қарауыл қойылған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері» музейлік экспозициясының жанында өткізіледі.

Жыл сайын өткізілетін Ашық есік күні аясында  № 1 Балалар музыка мектебінің ұстаздары, оқушылары және олардың ата-аналарының қатысуымен төрт сабақ өткізілді. Іс-шара барысында қатысушылар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жетістіктері мен даму жағдайы және «Мәңгілік Ел» жалпықазақстандық ұлттық идеясының қағидаларымен танысып, Музейдің Қауіпсіздік Кеңесі залында өткізілген «Батырлар институты: дәстүрлер, мәртебесі және қару-жарағы» тақырыбында музейлік экскурсия сабағына, Күмбезді залдың фойесінде «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері» экскурсия сабағына, «Қазақстанның олимпиада чемпиондары» атты Қазақстанның спорттық даңқы залында өткен сабақтарына қатысты.

Сонымен қатар жыл сайынғы «Өнердің сиқырлы әлемі» арт-терапиялық сессиясының аясында «Балам-ай» ҚҚ мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды әлеуметтік қолдау Орталығының балалары мен ата-аналарына «Күз бояулары» мерекесін өткізді. 2016 жылы сессияға 3-тен 34 жас аралығындағы кіші және жоғары жастағы топтар қатысты. 

Қараша айында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі жанындағы «Ақиқат» дебаттық клубы Астана қ. Білім басқармасымен бірлесе отырып, Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 5 қарашада колледж студенттері арасында «Әлемдік қоғамдастық таныған ел» тақырыбындағы дебаттық турнир өткізді. Турнирге елорда колледждерінен 17 команда қатысты.

Нәтижесінде орындар келесідей бөлінді:

1 орын – «АКТК тарландары» (Көлік және коммуникация колледжі);

2 орын – «Парасат» (Гуманитарлық колледж);

3 орын – «Көшбасшы» (Гуманитарлық колледж).

Колледж студенттеріне арналған турнирді «Ақиқат» дебаттық клубы екінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Дебаттық турнирді өткізуде  М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Ақмола колледжінің директоры Әуесбаев Ерлан Тыныштықбайұлының басшылығындағы педагогикалық ұжымының қолдауы мен бірлескен жұмысын атап өтуге болады.

Музей педагогикасы орталығының басшысы Р.Ұ. Қазбекова өз сөзінде Музейдің Білім беру бағдарламасы аясында серіктестермен бірлесе өткізген шаралардың маңыздылығына тоқталды.

Қалалық байқауларды өткізу туралы екінші мәселе бойынша Б.М. Қайыпова сөз сөйледі. Атап айтар болсақ, Музей серіктестерімен бірлесе отырып, келесі байқауларды ұйымдастырды: «Қазақстан – халықаралық аренада» атты үздік музейлік сабаққа конкурс, «Көңілдің асыл пернесі: Н. Ә. Назарбаевтың ән шығармашылығы» атты ІІ Жалпықалалық шығармашылық конкурсы, «Летопись ЭКСПО» атты бейнефильмдердің байқауы, «Независимость – великая мечта предков, достояние нашего поколения» тақырыбындағы тарих пәнінің «Үздік мұғалімі» қалалық байқаулары. Қазіргі уақытта конкурстар бойынша сұраныс жинақтау аяқталып, сабақтар, презентациялар өткізілуде. Барлығының қорытындысы желтоқсан айында шығарылады. Байқауды бағалау комиссиясының құрамына Білім басқармасының әдіскерлері, «Астана Дарыны» ӨҒПО, Білім қызметкерлерінің қалалық «Әділет» кәсіподағы, М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қызметкерлері кірді.

Отырыс барысында Астана қ. Білім басқармасының әдіскері Д.Қ. Әмірғалиева Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде өтетін шаралардың педагог мамандардың кәсіби өсуіне, олардың шығармашылық бастамаларының дамуына, қоғамдық пәндер негіздерін оқыту әдістемесіне ииновациялық бағыт беруде өзара әріптестікті нығайту мен дамытуға, озық тәжірибені таратуға, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін  ғылыми негізде насихаттаудағы маңыздылығын атап өтті.

Педагогтар кеңесі отырысының қорытындысы бойынша қаулы шығарылды:

–  2016 жылдың ІІ жарты жылдығы бойынша жұмысының қорытындысы туралы есепті бекіту;

 –Музей қабырғасында Тұңғыш Президент Күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған конкурстарды ұйымдастырып өткізуде серіктес ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасау.