Конституция күніне және Білім күніне арналған «Тәуелсіздігімнің тірегі – Ата Заң» атты мерекелік сабақ өткізілді

     2014 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Конституция күніне және Білім күніне арналған «Тәуелсіздігімнің тірегі – Ата Заң» атты мерекелік сабақ өткізілді. Мерекенің ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі және «Нұр Отан» партиясы «Жас  Отан»  жастар қанатының қоғамдық бірлестігі.

     1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституция жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық құқықтық мемлекет ретінде республиканың дамуында жаңа қадам болды. Елдің Негізгі Заңы – егеменді Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік дамуының іргетасына айналған тарихи маңызды ерекше құжат.
       Музейдегі алғашқы сабақта Ж. Жабаев атындағы № 4 мектеп-гимназияның бірінші сынып оқушылары – Қазақстан Республикасының жас азаматтары – елдің Ата Заңында көрініс тапқан өз құқықтары мен бостандықтарын, Негізгі Заңды жасаудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы  Н.Ә. Назарбаевтың рөлін танып білді. Сабақ барысында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан алынған бейнематериалдар мен фотоқұжаттар қолданылды.
       Салтанатты оқиға алғашқы қоңыраумен және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейіндегі алғашқы сабақтан естелік ретінде бірінші сынып оқушыларына сыйлықтарды табыстаумен аяқталды.