2013 жылдың 21 қарашасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде «Әке көрген оқ жонар» байқауы өткізілді.
Байқаудың ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі және «Әкелер Одағы» қоғамдық бірлестігі.
Өз сөздерінде Елбасы Н. Ә. Назарбаев тәрбие рухани құндылықтарды қалыптастыруға бағытталу қажет екендігін бірнеше рет атап өткен болатын. Патриотизмнің асқақ сезімі мен ұлттық қасиеттердің негізінде ғана Отанға деген махаббат нығая түседі, оның құдіреттілігі мен тәуелсіздігі үшін жауапкершілік сезімі қалыптасады, тұлғаның адамгершілігі мен қадір-қасиеті дамиды.
Музейдің Білім бағдарламасында өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі отбасының рөлін арттыруға қолдау көрсететін іс-шараларға ерекше назар аударылады. Отбасы, отбасылық тәрбие дәстүрі қоғамның интеллектуалды және шығармашылық әлеуетін жан-жақты анықтауға бағытталған жас қазақстандықтардың рухани, мәдени, өнегелік жағынан қалыптасуы мен дамуында басты рөл атқарады.
№ 59 мектеп-лицейінің базасында құрылған «Әкелер Одағы» қазірде Астана қ. барлық білім мекемелерінің ата-аналар бірлестігін біріктіріп отыр. «Әкелер Одағы» қоғамдық бірлестігінің миссиясы – әкенің мәртебесін арттыру, азаматтардың белсенділігі мен қызметін дамыту, ұлтаралық және азаматтық келісімге ықпал ету.
Қоғамдық бірлестіктің негізгі міндеттері – қайырымдылық қызметіне атсалысу, мәдени-ағарту, спорттық-сауықтыру жұмыстарын жүргізу, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, патриоттық пен адамгершілікке тәрбиелеу. Бірлестіктің іс-шаралары әкелерді балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу процесіне тарту, оларды білім мекемелерінің іс-шараларына қатыстыруға бағытталған.
Байқауға іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған топтар қатысты, сайыс 6 кезеңнен тұрды. Байқау барысында отбасылық топтар өз шежіресі туралы, тәрбие берудегі ұлттық салт-дәстүрге байланысты өз білімдерін көрсетті. Қатысушылар әртістік, өз қолдарымен жасау секілді өз таланттарын паш етті. Әкелер әділқазылар алқасын халықтық педагогика туралы білімдерімен ғана емес, балаларын тәрбиелеудегі қолданатын тәсілдерімен де тәнті етті.
Байқаудың қорытындысы бойынша 1 орынды Нұрланбек Бақытжанның отбасы (№ 52 мектеп-гимназия), ІІ орынды Диас Камаловтың отбасы (№ 38 мектеп-лицейі), ІІІ орынды Мағжан Өзбекбайдың отбасы (№ 51 мектеп-гимназия) иеленді.
«Ынтымақты отбасы» номинациясы бойынша Дайырбековтар отбасы (№ 61 орта мектеп), «Әкеге қарап ұл өсер» номинациясы бойынша Әбіловтар отбасы (№ 64 мектеп-лицейі), «Ата-баба тегін білу – ұрпаққа аманат» номинациясы бойынша Мысырғажы Мадиярдың отбасы (№ 68 орта мектеп) жеңімпаз атанды.
«Әкелер Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұматаев Қуаныш «Әке көрген оқ жонар» іс-шарасын өткізгені үшін Музей әкімшілігіне алғыс білдіре отырып, «Әкелер мен балалардың біртұтастығы – іс-шараның негізгі міндеттерінің бірі. Баланы тәрбиелеуде әкенің рөлі маңызды, аталмыш шараларға әкелерді белсенді қатыстыру керек» деп атап көрсеткен болатын.
Ұйымдастырушылар байқау қатысушыларына естелік сыйлықтарын табыс етті.