Бірінші сынып оқушыларына Конституция күніне арналған «Конституция – мемлекет тәуелсіздігінің негізі» атты мерекелік сабақ өтті

  2012 жылдың 1 қыркүйегінде жаңа оқу жылының қарсаңында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде № 56 мектеп-лицейінің бірінші сынып оқушыларына Конституция күніне арналған «Конституция – мемлекет тәуелсіздігінің негізі» атты мерекелік сабақ өтті.
      Республикалық референдум арқылы қабылданған Ата Заңымыздың он жеті жылдығын 2012 жылдың 30 тамызында атап өттік. Егеменді Қазақстан үшін бұл ерекше саяси және тарихи маңызы зор мереке. Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекет пен қоғамдағы азаматтық келісімнің сәтті дамуының негізі. Өз елімізді, тарихымызды, жетістіктерімізді құрметтегендей Ата Заңымызға да аса мәртебемен қарау – біздің басты міндетіміз.

      Мерекелік сабақты Музей педагогикасы орталығының аға оқытушысы Ә.Ә. Оспанова және № 56 мектеп-лицейінің мұғалімі Э. Қ. Жоламановамен бірлесе отырып дайындады. Мұғалім «Шаттық шеңбері» әдісін қолдана отырып, балаларды құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғамды құруға негіз болған елдің Ата Заңымен таныстырды. Мұндай іс-шаралардың басты құндылығы – балалар бойында лидерлік қасиеттерді және патриоттық сезімді қалыптастыру болып табылады.
      Өзін-өзі тану тәсілдері арқылы балалар Отан, ана тіл, еркіндік, мемлекет тарихы мен дәстүрі секілді ұғымдар туралы өз білімдерімен бөлісті. Балалар Қазақстан картасы мен әріптерді қолдана отырып, елімізде тұрып жатқан ұлттар туралы әңгімелеп қана қоймай, Әнұранды орындады.
      № 56 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы, музейлік білім бағдарламаларының белсенді қатысушысы Сарин Шахмұрат оқушыларға өз тілегін айтты. Музей қабырғасында алғашқы рет бүлдіршіндерге алғашқы қоңырау соғылды. Ұйымдастырушылардың ойластыруы бойынша 2013 жылдың 25 мамырында бүгінгі бүлдіршіндер Шахмұрат пен оның құрдастарына соңғы қоңырауды соғатын болады.

      Ерекше сабақтың қатысушылары Музей қорындағы мұрағаттық құжаттар мен фотоларды тамашалады. Олардың арасында Н.Ә. Назарбаевтың өз қолымен өзгертулер мен толықтырулар енгізілген ҚР Конституциясының бірегей жобалары да бар.
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде өткен алғашқы сабақтан естелік ретінде балаларға естелік сыйлықтар мен кәдесыйлар берілді.