Еуропалық комиссияның ұйымдастыруымен «Отбасы күніне» орай әлемдік гендерлік теңдік тақырыбы аясында балалардың сурет көрмесінің ашылу салтанаты өтті

 2010 жылдың 17 мамырында Еуропалық комиссияның ұйымдастыруымен «Отбасы күніне» орай әлемдік гендерлік теңдік тақырыбы аясында балалардың сурет көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Аталған конкурс 4 жыл қатарынан әлем балаларының гендерлік теңдік тақырыбы жөнінде өз көзқарастарын білдіруге шақырады.

Конкурсты ұйымдастырушылар –Еуропалық одақ Өкілеттілігі мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі.
Мерекелік іс-шараға Еуропалық одақ Өкілеттілігінің басшысы, Елші Норбер Жустен мырза жұбайымен, жетім балалар, көпбалалы отбасының балалары, сонымен қатар № 1 математика-экономика лицейінің және № 2, 4, 6 мектеп-гимназияның оқушылары қатысты. Іс-шараға келген қонақтар мерекелік танымдық-ойын-сауық пен концерттік бағдарламаларды тамашалады.
Қазақстандық жас суретшілер конкурсқа үшінші рет қатысты Мәселен, 2009 жылғы конкурста Қостанай облысы Жетіғара қаласынан шыққан 9 жасар Темірлан Қарғұлов жеңімпаз атанып, Еуропалық одақ Өкілеттілігінің басшысы, Елші Норбер Жустен мырза жас суретшінің туған жеріне барып құттықтап, сыйлығын табыс еткен болатын.
Мереке барысында ашық дауыс беру арқылы ең жоғары деп танылған 10-ға жуық қазақстандық дарын иелерінің шығармалары іріктелді, енді олардың жұмыстары Брюссельде өтетін әлемдік конкурс финалына жіберіледі. Еуропалық оқушылар құрамынан тұратын әділ қазы мүшелері әлемнің әр аймағынан келіп түскен 2 шығармадан іріктеп алады. Іріктеуден өткен жеңімпаздарға 1 000 евро көлемінде ақшалай сыйлық беріледі.

Еуропалық одақ Өкілеттілігінің басшысы, Елші Норбер Жустен мырза балалардың жұмыстарымен танысып болған соң өз бағасын берді: «Еуропалық комиссияның ұйымдастыруымен гендерлік теңдік тақырыбына арналған дүниежүзілік балалардың сурет байқауына 8 бен 10 жас аралығындағы жас суретшілер қатысады. Бүгін, сіздер, ең жоғары деп танылған 10-ға жуық жұмысты таңдаған соң, шығармалар әлемдік балалар сурет байқауына Брюссельге жіберілетін болады. Бүгінгі мерекелік іс-шара «Отбасы күні» қарсаңында өткізіліп отыр. Жас дарын иелерінің шығармаларынан отбасы деген киелі ұғымды қандай дәрежеде қабылдайтындықтарын байқадым. Олардың жұмыстарында жанұядағы гендерлік теңдік тақырыбы жақсы суреттелген. Биыл іріктеуден өткен 10 жас суретші жазда Астанаға шақырылады. Қазақстандық жас таланттардың Брюссельдегі дүниежүзілік балалардың сурет конкурсынан жеңімпаз атанатындығына күмәнданбаймын. Себебі, 2009 жылы Қостанай облысы Жетіғара қаласынан шыққан 9 жасар Темірлан Қарғұлов, аталған байқаудан жеңіп шыққан болатын. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры Алма Сағынғалиқызына, «Балаларды әлеуметтік бейімдеу орталығының» директоры Елена Колмогороваға және Еуропалық одақ Өкілеттілігінің қызметкерлеріне алғысымды білдіремін».
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры Алма Сағынғали қатысушыларға сәттілік тілей отырып: «Гендерлік теңдік тақырыбында әлемдік балалар сурет конкурсының Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде өткізілуі кездейсоқтық емес. Себебі, біздің Музейімізде 5–9 жас аралығындағы балалар оқитын Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер студиясы жұмыс жасайды. Осыған орай, 2005 жылдан бері «Бала және мәдениет» жобасы аясында «Туған жерім» астаналық балалардың сурет конкурсын өткізу дәстүрге айналып келеді. Кішкентай суретшілердің қазақстандық және шетелдік суретшілердің жұмыстарын тамашалауға, өз шығармаларын Музей галереясында ұсынуға мүмкіндіктері зор. Норбер Жустен мырза әлем балаларының талантының шыңдалуына бірден-бір үлес қосып жүрген жас суретшілер табынушысы және жанашыры деп айтуға болады», – деп өз ойын осылайша түйіндеген болатын.
Конкурс қатысушыларына мектеп оқушылары тарапынан дауыс беру іс-шара соңына дейін жалғасып жатты. Ұйымдастырушылардың тарапынан қатысушылардың көңілін көтеретін танымдық ойын-сауық бағдарлама әзірленді, әр балаға түрлі сыйлықтар ұсынылды.