2010 жылдың 30 маусымында Музей және Астана қаласының №30 «Қайнар» бала бақшасының бірлесіп ұйымдастыруымен «Туылған күніңмен, Астана» атты балалар мерекесі өтіп, оған Астана қалалық Білім басқармасының өкілдері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар қатысты.
|
|
|
Бала бақшаның тәрбиеленушілері қонақтарды достықтың сиқырлы әлемімен таныстырды. Танымдық-ойын-сауық бағдарламасының барысында ойындар ойнатылып, жұмбақтар шешілді. Елорда күнінің құрметіне орай құттықтау ретінде «Астана» әнінің шырқалуы мерекеге өзіндік әр берді.
Кішкентай би шеберлері орындаған «Бәйтерек» хореографиялық композициясы да қонақтарды толғандырмай қоймады.
|
|
|
Балалар сүйікті қаламыз Астананың бірегей туындылары – ғимараттар, сәулет ескерткіштері туралы өлең жолдарын аса сүйіспеншілікпен арнады. Мұндай мерекелерге қатысу балалардың кішкентай жүрегінде елордада болып жатқан тарихи оқиғаларға ортақтастық сезімін қалыптастырады, өз елі мен қаласына деген мақтанышын тудырып, отансүйгіштік рухқа тәрбиелейді.
Туған қалаларына сыйлық ретінде жас астаналықтар өз қолдарымен елорданың басты көз тартарлық ғимараттарын түрлі әсем гүлдермен көмкерген панно жасап, оны Астананың 12 жылдық құрметіне орай Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейіне сыйға тартты.
|
|
|
Мерекеге қатысушыларға Музей қорынан мұрағаттық құжаттар мен экспонаттар таныстырылды. Мысалы, балалар мемлекет Басшысы Н.Ә. Назарбаевқа тапсырылған «Астананың құрметті азаматы» лентасын көріп, елорданың символына айналған «Бәйтерек» монументінің құрылу тарихы туралы бейнетаспадан үзінді тамашалады.
Мерекенің соңында бала бақшаның тәрбиеленушілеріне естелік сыйлықтар тарту етілді.





