Біз туралы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ақпараттық-идеологиялық кешені. Мекеме кітапхананың, архивтің, музейдің, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқарады.

Құрылу тарихы. 

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2014 жылғы 13 наурызда Тұңғыш Президенттің Жеке кітапханасы мен Жеке мұрағатының қызметін жүзеге асыру, Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерделеу, Казақстанның Тұңғыш Президентінің идеялары мен бастамаларын елімізде және шет мемлекеттерде ілгерілету мақсатында құрылды.

Ғимараттың орналасуы. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Нұр-Сұлтан қаласы, Ә. Бөкейхан көшесі, 1А мекенжайы бойынша орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатында музей экспозияциялары, көрме залдары, музей қорларының қоймалары, кітапхана, екінші қабатта – іс-шаралар өткізуге арналған 2000 орындықты көпфункционалды зал, үшінші қабатта – коворкинг орталығы және әкімшілік кеңселер орналасқан.

Сонымен қатар, кітапхана музейінде Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін ашып көрсететін бірегей экспонаттар ұсынылған. 

Ақпараттық ресурстар. 

Елбасы кітапханасында ұлттық мәдени-тарихи мұраға айналған заманауи электронды-архив инфрақұрылымы және бірегей ақпараттық ресурстар бар.

Келушілер  www.presidentlibrary.kz ресми сайты арқылы Елбасының электронды кітапханасына қол жеткізе алады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке кітапханасы. 

Елбасының жеке кітапханасын әр жылдары Н. Ә. Назарбаевқа сыйға берілген және оның 1960 жылдан бастап жинақтаған жеке (үй) кітапханасы қорындағы кітаптар мен басылымдар құрайды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорында Н.Ә. Назарбаевтың жеке топтамасындағы жәдігерлер, мерзімді және электронды басылымдар жинақталған: мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің сыйлықтары, өнер туындылары және тарихи мәні зор құндылықтар. Елбасы кітапханасы қорында сирек кездесетін, коллекциялық және көне басылымдар: Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Миландағы Амброзиан кітапханасы тарту еткен Леонардо да Винчидің сызбалары бар альбом, Елбасына қазақстандық ғарышкер Т. Мұсабаев сыйлаған ғарыш айлағында болған Құран, Қасиетті Құрандар топтамасы, Ресей императоры Александр ІІ кітапханасында сақталған Ф. Шлоссердің «Всемирная история» кітабы, 1838 жылы жарық көрген Энциклопедиялық лексикон және басқалары сақталған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке архиві

Елбасының жеке архивінде 147 мыңнан астам сақтау бірлікҚазақстан Республикасының Тұңғыш ПрезидентіЕлбасының қызметтік және қоғамдық қызметі туралы бірегей өмірбаяндық, шығармашылық материалдар жинақталған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің өмірі мен қызметінің кезеңдерін бейнелейтін жеке сипаттағы құжаттар: үлгерім табельдері, куәліктер, көрікшінің рұқсаттамасы, құрмет грамоталары, мақтау қағаздары, мандаттар, депутаттық билеттер, ата-анасының бірнеше құжаттары және туған жерлері туралы мәліметтер және т.б. ерекше құнды болып табылады.

Сонымен қатар, Елбасының жеке архивіндегі құжаттар Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу процесін, президенттік институттың құрылуын, жаңа елдің, жаңа астананың мемлекеттік құрылысын, заң шығарушы, атқарушы биліктің қайта құрылуын, оның басқару аппаратын жетілдіруді, әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамудағы жетістіктерді көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 4 қарашадағы №369 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесі оған «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі» мемлекеттік мекемесін қосу арқылы қайта құрылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі Қазақстанның жаңа тарихын сипаттайды. Экспозицияларында республиканың егемендікке қол жеткізудегі және тәуелсіз демократиялық мемлекет құрудағы Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың тарихи рөлі жан-жақты көрініс тапқан.

Бүгінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі жинағында 11 000 сақтау бірлігі бар. Еліміздің аймақтарында музей қорынан тақырыптық көшпелі көрмелерді ұйымдастыру – Елбасы кітапханасы музейінің мәдени қызметін жүзеге асырудағы маңызды бағыт.

Елбасы кітапханасының экспозициялық - көрмелік қызметі екі бағытта дамып келеді:

  • тұрақты экспозицияларды дайындау және қалыптастыру;
  • көрме жобаларын іске асыру шеңберінде уақытша көрмелерді өткізу: «Тарихи таңдау» (президенттік институтқа арналған), «Ұлттық игілік» (қазақстандық қоғамның тарихи-мәдени мұрасының өзекті тақырыптарына арналған аймақтық жоба), «Мәдениет арқылы үн қатысу» (халықаралық жоба), «Музейлік жинақтар» (архив, музей және кітап жинақтарын зерттеу нәтижелері бойынша көрмелер), Қазақстанда заманауи өнерді танымал ету бойынша серіктестік жобасы, «Үкілі үміт» (шығармашыл жастарды қолдау жобасы), «Балалық шақтан көзқарас», (балалар шығармашылығын қолдау жобасы), «Туған өлкем» (қосымша білім беру ұйымдарын қолдау бойынша республикалық бағдарламасы).

2017 жылдан бастап Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрменің үлкен жобасы іске қосылды.

Елбасы кітапханасы шетелдік президенттер орталықтарымен, қорларымен, кітапханаларымен, зерттеу орталықтарымен, ғылыми институттармен және мәдени орталықтармен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, бұқаралық ақпарат құралдарында (оның ішінде әлеуметтік желілерде) Елбасының саяси бастамаларының мәнмәтініндегі саяси, экономикалық және қоғамдық дамудың көкейтесті мәселелері бойынша сараптамалық шолуды, сұхбатты, баяндамалар мен жарияланымдарды ұйымдастырады.

Жобалар. 

Елбасы кітапханасы қазақстандық жастардың бойына отансүйгіштікті ұялату, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының жасампаз идеяларын ілгерілету мақсатында, сондай-ақ қазақстандық жастардың еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне азаматтық қатысуын арттыру мақсатында 2015 жылдан бастап жүйелі түрде әлеуметтік-ағарту жұмыстарын жүргізуде.

Қазақстанның барлық өңірінен келген үздік студенттер мен оқушылар, сондай-ақ педагогтер мен мемлекеттік қызметкерлер семинар-тренингтер аясында апта сайын оқытудан өтеді. Семинар-тренинг тақырыптары жыл сайын өзгеріп тұрады: 2015 жылғы қазан мен 2016 жыл аралығында – «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам - Ұлт жоспары», 2017 жылы – «Қазақстандық жол: Мәңгілік ел», 2018 жылы – «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол», 2019 жылы – «Болашаққа жол өзіңнен басталады».