Ағымдағы жылдың 20 қаңтарында елімізге ресми сапармен алғаш рет келген Зимбабве Республикасының президенті Эммерсон Мнангагва Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына ат басын бұрды.

Мәртебелі мейман рухани орданың тынысымен танысып, еліміздің тарихынан сыр шертетін экспозицияларды аралады. Экскурсия аясында Зимбабве Республикасының президенті Елбасы өмірбаяны мен қызмет жолының маңызды кезеңдерімен танысты. Оның назарына Мемлекет басшысының негізгі идеялары мен бастамалары берілген мультимедиалық альбом ұсынылды. Эммерсон Мнангагва «Н.Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» экспозициясына зор қызығушылық танытты. Аталмыш экспозиция ядролық қару мен ядролық сынақтардан бас тартуды көздеген Елбасы мен Қазақстан Республикасының жалпыға ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін бейнелейді.

Сыйлы қонақ ғимараттың үшінші қабатында орналасқан Елбасының жеке кітапханасын, электронды оқу залын, құнды, сирек кездесетін кітап коллекцияларын тамашалады.

Экскурсия соңында Эммерсон Мнангава Тілектер кітабына мынадай естелік пікірі қалдырды: «Делегациямыздың, сондай-ақ Зимбабве Үкіметі мен халқының атынан ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіз. адамзат өмірінің бейбітшілігі пен қауіпсіздігі жолындағы Қазақстан Президентінің ерен еңбегін Елбасы кітапханасы айқын бейнелейтіндігін терең толғаныспен білдіргім келеді. Н.Ә.Назарбаев тарих беттерінде жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға зор үлес қосқан тұлға ретінде сақталмақ. Бейбіт өмір үшін күрестегі осы жолды көруге мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын».

Кездесу соңында Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов мәртебелі мейманға «Назарбаев орталығы» фотоальбомын тарту етті.