12 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Ю. А. Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл және Т. О. Әубәкіровтың ғарышқа сапар шеккеніне 30 жыл толуына арналған «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрмесі ашылды.

Елбасы кітапханасына онлайн және офлайн форматтарда тақырыптық экскурсиялар өткізуге көптеп өтінімдер келіп түсті. Көрменің ашылу күнінде Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің, №17 мектеп-гимназиясының, Нұр-сұлтан қаласының «Astana English School» №81 мамандандырылған гимназиясының оқушыларына экскурсиялар өткізілді. Экскурсия барысында оқушылар Байқоңыр ғарыш айлағымен тікелей байланысы бар Қазақстан өңірлерінің тарихына сапар шегіп, адамзаттың ғарышты игерудегі алғашқы мекеніне айналған Қазақстанның қасиетті топырағында дүниеге келген кеңестік ғарышкерлердің өмірімен танысты. Экспозициямен танысу кезінде көрменің «Жер кіндігі» атты бірінші бөліміндегі интерактивті элементтер – дәнүккіш пен бұрғылау станогы оқушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.

Музейдің Күмбезді залында орналасқан «Жер-Ана. Тұңғыштар тоғысы» атты көрменің үшінші бөлімінде оқушылар 1961 жылғы 12 сәуірде барша адамзат баласының басын біріктірген Ю. А. Гагариннің ғарышқа жасаған алғашқы сапары кезіндегі кеңестік азаматтардың қайталанбас сезімдерін бастан кешуге мүмкіндік алды.
Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің оқушылары алғашқылардың қатарында экскурсияға қатысып қана қоймай, Егемен Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, қазақстандық космонавтика жетістіктерінің куәгері, Халық Қаһарманы Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевпен кездесіп, естелік суретке түсуге мүмкіндік алды.
Пандемия шектеулері жағдайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының есігі еліміздің барлық өңірлері үшін онлайн форматта ашық.
Тараз қаласының №60 орта мектебінің оқушылары мен Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрәк ислам мәдениеті университетінің шәкірттері Instagram әлеуметтік желісі арқылы көрмеге саяхат жасады.
Кітапхананың экскурсия жүргізушілері лайфстрим және вебинар форматтарында шолу және тақырыптық экскурсиялар өткізеді. «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрмесінің экспозициясымен кез келген адам онлайн форматта таныса алады.