
Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету іс-шаралары аяқталды. Олардың жалпы атауы – «Жеңіс эстафетасы».
5-6 мамыр – екі күн ішінде Кітапханаға қонақ ретінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері, «Мемориалдық аймақ» іздеу отрядының өкілдері және тыл еңбеккерлері, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ елордалық мектептер мен республикалық «Жас ұлан» мектебінің 500-ге тарта оқушысы келді.
Шара Жеңістің жетпіс жылдығына орай өскелең ұрпақтың бойындағы рухани-адамгершілік, азаматтық, патриоттық тәрбиені жетілдіре түсу мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесудің құрметті қонақтары – майдангерлер Қадан Бекенов, Барлыбай Тәбешов, Олег Линник, Алексей Фролов.
Қадан Бекенұлы – 91 жаста. Майдан даласына 1942 жылдың тамызында барған. Маршал Жуков бастаған 30-атқыштар дивизиясында шайқасқан. Ресей, Украина, Молдова, Белоруссия, Польша жерлерін азат ету үшін кескілескен ұрыстарға қатысқан. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Ту», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапаталған. Соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы Ішкі істер құрылымында қызмет еткен.
Кітапханадағы кездесуде Қадан ата «Қазақстан жастары елімізде бейбітшіліктің сақталуына жауапты екенін сезінулері керек», - деді.
Барлыбай Тәбешұлы да – 91 жаста, 72 гвардиялық атқыштар дивизиясында болған. Курск иініндегі шешуші шайқастардың біріне қатысқан. Майдан даласымен Берлинге дейін барған. Ұлы Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Әскери қызметі үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Маршал Жуков», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін жоғары білім алып, жарты ғасыр өмірін ұстаздыққа арнаған.
Олег Иванович 1928 жылы 22 қыркүйекте Краснодар қаласында туған. Соғыс басталған кезде ол 14 жасқа енді ғана толған екен. 1942 жылы отбасы жер аударылып, Самарқанға барады. 1943 жылы марштық ротада 25-танктік корпусты толықтыру үшін шайқасқа аттандырылған. Басынан жарақат алады. Соғыстан кейін ағайын-туыстан қалған жалғызы – Ақмоладағы әпкесіне барып, сонда тұрақтап қалады. Мойынты-Шу теміржол құрылысын жүргізуге қатысқан. Зейнет жасына дейін еңбек еткен. Көптеген марапаттың иегері, солардың ішінде «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені бар.
«Соғыс дегенің - сұмдық, - деді Олег Иванович кездесуде. – Онда романтика деген атымен жоқ. Снарядтар жарылып жатады, тоқтаусыз оқ атқыланады, көз алдыңда қандас жолдастарың өліп жатады. Ең бастысы, соның бәрі текке кетпеді. Біз фашизмді жойдық».
Алексей Федорович те соғыс басталғанда бала болған. 1944 жылдың қарашасында майдан даласына соңғы шақыртумен 17 жасында іліккен. Келесі жылдың көктеміне дейін Оралда 40-оқыту-атқыштар дивизиясында болады. Соғысқа енді аттанғалы тұрған тұста Жеңістің хабары жетеді. Содан оны Шығыс бағытқа 39-әскерге аттандырады. Онда Жапонияға қарсы 23 күн соғысады. 1951 жылы туған жері Ақмолаға оралады. «Целинтрансстройда» еңбек етеді. Зейнетке шыққан соң, Ардагерлер кеңесін басқарған. «Отан соғысы», «Құрмет» ордендерінің, медальдардың иегері.
Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков ардагерлерді Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығымен құттықтады. «Осы шайқастағы Ұлы жеңіс бізге Сіздердің отаншыл зор сезім, өшпес өр рухтарыңызбен келді. Бұл – болашақ ұрпақтарға тәлім-тәрбиенің теңдессіз үлгісі», - деп атап өтті Бейсембай Қуанышұлы.
«Жеңіс эстафетасы» бағдарламасында құрметті қонақтарға Кітапхана көрмелері таныстылды. Сонымен қатар ардагерлер жастарға тағылымдық әңгімелер айтып, Ұлы Отан соғысы туралы қазақстандық деректі фильм көрді. Олардың назарына ұсынылған «Отан үшін от кешкендер» туындысының режиссері – С.Көмекбаев, авторы – Д.Қасымов.
Ардагерлермен кездесуге қатысқандардың бірі – №66 мектеп-лицейдің 8 «г» сынып оқушысы Әлия Амантаева. Ол шарадан алған әсерін былай жеткізді: «Елбасы кітапханасында өткен ардагерлермен кездесу бізге ұнады. Олар өз бастарынан өткізген қиыншылықтарын әңгімеледі. Кездесу қызықты өтті және соңы кішігірім фильмге ұласты. Кеш соңында оқушылар орындарынан тұрып, ардагерлерді үлкен құрметпен шығарып салдық. Кітапхана ұжымы біздерге естелік ретінде «Біздің Президент» деген деректі повесін сыйға тартты».
Майдангерлерге естелік сыйлықтар табыс етілді.
Қосымша ақпарат:
Мемлекеттік мекеме (ММ) ҚР Президентінің 2014 жылдың 13 наурызындағы № 767 «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен құрылған. ММ құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Директордың міндетін атқарушы – ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков.
Қызметінің мақсаттары: 1) ҚР Президентінің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының жұмысын ұйымдастыру; 2) Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуын, осынау үдерістегі Тұңғыш Президенттің жетекші рөлін, оның жасампаздық-шығармашылық идеялары мен бастамаларының мазмұнын зерделеу; 3) Елбасының бастамаларын ақпараттық-имидждік тұрғыдан ілгерілету.
Елбасы кітапханасының ерекшелігі – қазіргі билік басындағы Мемлекет басшысының орталығы екендігі. Президенттік кітапханалардың тарихында мұндай жайт тек АҚШ-та ғана, оның өзі бір-ақ рет орын алды. Билік басында отырған кезінде президент Франклин Рузвельт өзінің президенттік орталығын жасақтады. Соның негізінде кейін оның есімімен аталған кітапхана-мұражай бой көтерді.
Кітапхананың өзіндік сәулеті бар ғимараты аспанға қадалған алып көз жанарын елестетеді. Оны әлемге әйгілі ағылшын сәулетшісі Норман Фостер жобалаған. Автордың ойынша, оның бұл туындысы қазіргі Қазақстанның өмірлік қуатын айшықтайды. Ғимараттың аумағы – 28 мың шаршы метрден астам.


