«ЖАСЫЛ ЕЛ»: ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ АРТТЫРУ

Экологиялық мәдениетті арттыру, қоршаған ортаны аялау – басымдыққа ие міндет. Оның маңыздылығына жете назар аударатын Елбасының бастамасымен 2005 жылы «Жасыл елдің» іргетасы қаланды. Елімізді көгалдандыру, экологиялық сауаттылықты арттыру, жастарды еңбексүйгіштікке баулу жүгін арқалаған ұйымның 11 жыл ішінде қоғамға тигізген пайдасы мол. Оның барысын «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының жетекшісі Тоқтар Болысов тергіштеді. Сырлы кездесу «Әлемді өзгертетін идеялар» семинар-тренингісінің тыңдаушылары үшін ұйымдастырылды.

«Жасыл елдің» тізгінін ұстаған белсендінің сөзіне сүйенсек, 11 жылда еліміздің түкпір-түкпірінде 44 миллионнан астам ағаш отырғызылған. 148 мың га аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Ұйымның қатарында 259 мыңнан астам жас тер төккен. Олар елімізді желектендіру жұмыстарымен қатар маңызды жобаларға да атсалысқан. Оның ішінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық тас жолын салуға үлес қосты.  

– «Тамыр-таныссыз мансап құру мүмкін емес» деген пікір жаңсақ. Мен қоғамдық жұмыстарға мектеп қабырғасынан араласып, 18 жасымда Алматыдан Астанаға қоныс аудардым. Үйді жалдап, даяшы және саудагер ретінде жұмыс жасадым. Кейін бірыңғай «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымында 3 жыл бойы еңбектеніп, «Қазақстан жастары конгресіне» ауыстым. Бүгінде «Жасыл ел» ұйымының қатарында еліміздің экологиясын жақсартуға атсалысудамыз. Оның қатарындағы 30 мың сарбаз үшін жауапкершілікті сезінемін. Мені 2 сауал ынталандырады: «туған жеріме пайдам бар ма?» және «мені ата-анам мақтан тұта ма». Сенің кім болатының емес, қолға алған іс-әрекетің маңызды. Жастар мемлекеттің игілігі жолында еңбектену қажеттігін түсінген жөн, - дейді 22 жастағы Тоқтар Болысов.

22 жастағы Тоқтар қоғамдық жұмыстармен қатар өзінің кәсібін дөңгелетуге ден қойған. Бүгінде оның киім дүкендері Астана және Алматы қалаларында ашылған. «Әлемді өзгертетін идеялар» семинарының қатысушылары өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Алматы және Ақмола облысының оқушылары табыстың кілті, өз-өзін дамытудың жолдары жайлы сұрап білді.

Кездесу жайлы толық мәліметпен танысуға болады