– 2 наурызда 15 жасқа толдым. Семинар-тренингтің ұйымдастырушылары мені салтанатты түрде құттықтады. Қатты толғандым. Бұл менің Астанаға алғаш сапарым. Елордаға келген бойда жоғары деңгейдегі іс-шараға қатысу мүмкіндігі ұсынылды. Екі күндік тренингте көп мәлімет алдық және өзімді дамытуға жаңа серпін алдық. «Кемел Ел» жобасымен танысып, өзіміздің өңірімізде де осы іспетті тренингтерді өткізе алатынымызға көзіміз жетті, - деп туған күн иесі өзінің әсерімен бөлісті.

Балалар үшін семинардың екінші күніне шақырылған меймандармен сырлы сұхбат есте қаларлық кездесуге айналды. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сыртқы экономикалық саясат департаментінің екінші хатшысы Әнуар Әділбеков және «EXPO еріктілері: e-generation» ҚБ атқарушы директоры Уәлихан Қабимоллаұлы жастармен ой бөлісті. Кездесуге Қазақстанның БҰҰ құрамына кіргеніне 25 жыл толуы арқау болды.
Әнуар Қайратұлы 2011 жылы «Халықаралық қатынастар», «Саяси экономика» мамандығы бойынша «Болашақ» бағдарламасымен Эссекса университетінде (Колчестер қ., Ұлыбритания) білім шыңдаған. Бұл оның кәсіби дамуына септігін тигізген.
– Көкшетау қаласындағы қазақ-түрік лицейін үздік бітіріп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түстім. Бакалавр дипломын қолыма алған соң, еңбек нарығында сұранысқа ие болмайтынымды түсіндім. «Болашақ» бағдарламасы бойынша екі жылдық дайындықтан өтіп, 2009 жылы Глазго университетінің студенті атандым. Бұл университетте стипендия алмағаныма қарамастан, еңсемді түсірмей, 2010 жылы Эссекса университетіне түсіп, «Болашақ» стипендиясын иелендім. Сол себепті де сәтсіздікке ұшырап жатқан жағдайда сендерді еш жабырқамауға, әрекет етуге шақырамын, - деп Әнуар Әділбеков оқушыларды рухтандырды.

Оқушылар Қазақстан жаңа тарихындағы шешуші оқиғаларды баяндайтын Джонатан Айткеннің «Казахстан. Сюрпризы и стереотипы» атты еңбегімен танысты. Авторға кітабын ойдағыдай жазып шығуға Әнуар Қайратұлы Ұлыбританияда оқып жүргенінде көмектесен екен.
– Джонатан Айткен бұл кітапты әлеуеті зор Қазақстанның барлық жастарына арнайды. Негізгі тақырыптардың бірі – Қазақстанның ядросыз әлемге қосқан үлесі. Ірі ядролық әлеуетке ие болған ел бейбітшілік жолында дұрыс шешім қабылдады, - деді Әнуар Әділбеков.
«EXPO еріктілері: e-generation» ҚБ атқарушы директоры Уәлихан Бахретдиновтің баяндамасы да жастарды қызықтырды. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының моделі жайлы жан-жақты ақпараттандырды.

– БҰҰ моделі БҰҰ-ға академиялық ұқсастық десе де болады. Оның аясында жоғарғы сынып оқушылары мен студенттердің аталмыш Ұйым органдарының жұмысын атқарып, коммуникативтік дағдыларды меңгереді және дипломаттарға айналады. БҰҰ моделі адамдардың әлеуетін ашып, елдің саяси мәдениетін күшейтеді. Объективті ойлауды да дамыта түседі. Мәселен, қатысушы Кашмир мәселесінде Үндістанның атынан сөйлесе, онда Кашмир Пәкістан төңірегіне кіреді деген пікірге қарамастан, Үндістанның негіздемесін дәлелдеуі тиіс. Сендер «Кемел Ел» қозғалысының белсенділері туған өлкелеріңде БҰҰ моделін жүзеге асыруды қолға алатын боларсыздар, - деп Уәлихан Бахретдинов ниетін білдірді.
Кездесу кезінде Уәлихан Қабимоллаұлы Қазақстандағы еріктілер қозғалысының дамуына ерекше көңіл бөлді: «2013 жылдан бастап еріктілікпен айналыстым. Ол кезде еріктілер қозғалысы заңнамамен реттелмегендіктен, құбылмалы сипатта болатын. 2016 жылдың 30 желтоқсанында еріктілік ұйымдарының жұмысын реттейтін ҚР «Волонтерлік қызмет туралы» Заңы қабылданды. Мен заң жобасын дайындаған топтың құрамында болдым. Бұл заң еріктілердің қоғамдағы әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Еріктілер қозғалысы идеялық дамуды қозғаушы күш. «ЭКСПО еріктілері: e-generation» қоғамдық бірлестігі Қазақстандағы ірі оқиғалардың бірі «ЭКСПО-2017» шарасына еріктілерді дайындаумен белсенді айналысуда».

Балалар меймандарға «Болашақ» бағдарламасы, БҰҰ моделі және еріктілер қозғалысына байланысты сұрақтарын жолдады. Кездесу соңында семинар-тренингтің қатысушыларына сертификаттар мен естелік сыйлар тапсырылды.