Ұлттық құндылықтар сақталса, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Еліміздегі жетекші білім ошақтары – 20 Назарбаев зияткерлік мектебі шәкірттерінің пікірі осыған саяды. Бүгін еліміздің түпкір-түпкірінен келген алғыр оқушылар Елбасы кітапханасында тоғысты. Игі дәстүрге айналған пікірталаста «Тәуелсіздік ұрпақтары: құндылық бағдарлары және басымдықтар» тақырыбы қаузалды. Келелі шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Ұлттық құндылықтарды сақтау және дәріптеу көкейтесті мәселеге айналып отыр. Бүгінгі жас толқын арасында батыс мәдениетіне еліктейтіндер аз емес. Оған жол бермеу үшін Назарбаев зияткерлік мектептерінің шәкірттері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың ой-пікірлерін бағамдаймыз. Біздің мектептерімізде «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» пәні оқытылады. Оның аясында рухани құндылықтарға баса мән беріледі. Меніңше, рухани сабақтастықты сақтау үшін барлық білім беру мекемелерінде жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс, - деп жыл бойы өткізілетін пікірталастың басты мақсатына Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстазы Алтынбек Күлібаев тоқталды.
Маңызды тақырып төңірегінде оқушылар өзара пікір алмасып, ұстаздар қауымының сауалдарына жауап берді. Қызылордалық Алтынай Әбдіжәміл үшін ұлттық құндылықтардан сусындау – даурықпа сөз емес. «Жеке құндылықтар ұлттық құндылықтармен тығыз сабақтасады. Өзімнің бойымда үлкенді сыйлау, толеранттылық, басқа адамдарды құрметтеу қасиеттерін дамытуға тырысамын. Еліміздің тарихына үңіліп, шежіремізді білу - парыз», - дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы.
Қатарласының пікірін оңтүстікқазақстандық Ғабдулғани Ауденов те қостайды. Болашақ инженер жаһанданудың ықпалына түспеу қажеттігіне сенімді. «Ата-анам кішкентай кезімнен бойыма ұлтымызға тән құндылықтарды дарытты. Олар бүгінде менің басты ұстанымдарына айналды. Адалдық пен әділеттілік, еңбексүйгіштік, ұлтжандылық әрбір жастың бойынан табылуы тиіс», - дейді 11 сынып оқушысы.
Пікірталас тартысты өтті. Оның қорытындысы бойынша жастар ұлттық әдебиет пен мәдениеттен сусындау қажет деген тоқтамға келді.




