11 желтоқсанда Елбасы кітапханасының Музейінде Сауда-экономикалық колледжінің студенттеріне «Қазақстан Республикасындағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің қалыптасуы» дәрісі оқылды.
Дәріскер, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлден Карагизова мемлекеттік саясаттың жоғары деңгейлі құқықтық сана мен мәдениетінің қалыптасуындағы бағыттары, бірізділігі және тұтастығын көрсететін нормативтік құжаттармен таныстырды. Дәріс барысында жастар арасындағы құқық бұзудың алдын алу мәселелеріне ерекше мән берілді.

Дәрісте көрсетілген мұрағат құжаттары Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның конституциялық және құқықтық негіздерінің қалыптасуындағы рөлін терең көрсетуге мүмкіндік берді.
Болашақ аудармашы Еркежан Әбдімәлік Президент Н. Ә. Назарбаевтың жеке адами қасиеттері ерекше әсер қалдырғанын айтып өтті:

– Мемлекет басшысы туралы тың деректермен таныстым. Ол тек стратег, реформатор, әлем мойындаған саясаткер ғана емес, тамаша адам. Маған олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің баяндаған әсерлі әңгімесі қатты ұнады.
Колледждің педагог-психологі Лаура Мұқажанова өз әсерімен бөлісті:
– Дәріс терең мағыналы болды, жаңа ақпараттармен қанықтық. Материалды ұтымды беру тәсілі бірінші курс студенттеріне күрделі тақырыпты игеруге көмектесті. Психолог ретінде балаларды бақылау қызықты болды. Олардың көздерінен шынайы қызығушылық пен таң қалыстарын көрдім. Елбасы кітапханасының дәрістеріне жиі қатысамыз деп үміттенемін.