ЖАСТАР АРМАНЫ – «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ

28-29 қаңтар күндері Елбасы кітапханасында мектептің үздік оқушыларына арналған «Әлемді өзгертетін идеялар» жобасының кезекті семинар-тренингі болып өтті.

0U3A60977

Елбасы кітапханасының бастамасымен жүрген семинарға еліміздің Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан өңірлерінен келген үздік оқушылары қатысты. Олар семинар барысында «Ұлт жоспары – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» тақырыбында дәріс кешенін  тыңдады, интерактивті үстелде практикалық жұмыстарды орындады, эсселер жазды, қазіргі қоғамдық-саяси тақырыптарға арналған пікірталастарға қатысты, сонымен қатар елорданың көрікті жерлерімен танысып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «Астана Опера» опера және балет театрына экскурсия жасады.

Екікүндік семинарды қорытындылау рәсімінде жас өрендерге сертификат пен «Біздің Президент» естелік кітабы табыс етілді. Марапаттау рәсіміне қатысқан құрметті мейман – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, философия ғылымдарының докторы Тілеуғали Бурбаев болды.

0U3A6448

Тілеуғали Қайыржанұлы өз сөзінде:

- Идеясыз әлемді өзгерту мүмкін емес. Жақсы идеялар тууы үшін кітап оқу керек. Табысқа жетемін деген азамат кітап оқуы тиіс. Ал, ең тамаша және жарқын идея бұл – Мәңгілік Ел, - деді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков жас патриоттарды құттықтау сөзінде:

- Сендердің армандарың - жақсы оқу, жоғары оқу орнына түсу, білімді  азамат болып өсу. Сендер болашақта тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосатын білікті маман болуларыңыз қажет, - деді.  

0U3A6202

Семинарға белсенді қатысқан жас өрендер Кітапхананың ғылыми қызметкерлеріне сұрақ-сауалдарын қойып, өз ойларымен бөлісті.  

- Елбасы кітапханасы бізге керемет әсер қалдырды. Мен өзіме жаңа әлем ашқандай болдым. Елді басқару, мемлекетті құру және саясатпен айналысу қандай қиын екенін түсіндім. Біз бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадір-қасиетін бағалауымыз керек. Астанаға келген сайын Елбасы кітапханасына келіп тұратын боламын. Біз алдағы болашақта Қазақстан Республикасының жанашыр азаматы болуымыз үшін жақсы оқып, еңбектенетін боламыз, - деді Оңтүстік Қазақстан өңірінің Жетісай қаласының №1 жалпы білім беру мектебінің оқушысы Әсем Үмбеталина.

0U3A6380

Дәурен Салауат (Орал қаласы):

- Біз егеменді елдің болашағы туған Отанымызды әлемнің ең дамыған  елдері қатарына қосу үшін барлық күш-жігерімізді саламыз. Біздің еліміз ең үлкен, көрікті және білімді мемлекет болады деп сенеміз. Біз Елбасының бес институционалдық реформаларын оқытуға арналған семинар-тренингтерден мол білім алдық. Тәуелсіз елімізде жастар үшін барлық мүмкіндіктер мен жағдай жасалған. Әрбір қарапайым қазақстандық ел игілігі үшін зор үлес қоса алатындығын түйсіндік, - деді.

Айта кетерлігі, «Әлемді өзгертетін идеялар» жобасының семинар-тренингтері 2015 жылдың қазан айынан басталған болатын. Елбасы кітапханасының білім беру жобасына Республика бойынша жалпы білім беру мектептерінің  9-10 сынып оқушылары, колледж оқушылары және жоғары оқу орындарының 2-4 курс студенттері қатысады.