«ЖАСАМПАЗ ЕЛІМІЗДІҢ ТАРИХЫ: КІТАПТАР, ЖӘДІГЕРЛЕР, АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫ СӨЙЛЕЙДІ» ЖОБАСЫ: «СҰҢҚАР» СУРЕТІ

«Жасампаз еліміздің тарихы: Кітаптар, жәдігерлер, архив құжаттары сөйлейді» ақпараттық жобасы қалың жұрттың назарына бірегей жәдігерлерді ұсынуды жалғастырады. Елбасы кітапханасының қоры мен экспозицияларында сақтаулы тұрған бұл жәдігерлер Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевқа өзге мемлекет басшылары мен делегациялардың, халықаралық орталықтар мен түрлі компаниялардың жетекшілері тарту еткен сыйлықтары.

«Кушкош» техникамен орындалған «Сұңқар» суретін 2015 жылы белгілі антиквар Ұлан Жәкеев сыйлаған болатын. Бедерлі картиналарды жасаудың техникасын суреттің авторлары, ҚР Суретшілер одағының мүшелері  Жәңгір Үмбетов пен Амангүл Иханова 1994 жылы ресми патенттеген. Еңбек сіңірген өнер қайраткерлерінің есімі елімізге де, шекарадан тыс мемлекеттерге де кең кең тараған.

Бедерлі суреттер былғарыға салынады. Ол үшін сиыр терісі созылып, жіңішке былғарыға жұқартылады. Қолмен өңделген теріні суретшілер бояп, пішеді. Терінің бетіне түрлі қыр салып, бедерлейді. Дайын бейнелер бірігіп, палимпсест пейзажын құрайды. Бұл шеберлікке қол жеткізу үшін әбден ізденген Ж.Үмбетов пен А.Иханова тәжірибенің 35 жылын жұмсаған.

Ж.Үмбетов еңбек жолын қолданбалы өнермен шұғылданудан бастаған. Оның музейлерге арнап дайындаған торсық, кесеқап, жағлан сияқты ұлтымыздың тұрмыстық заттары әлі күнге дейін абыройлы мекемелердің экспозицияларында сақтаулы тұр. Шығармашылығын кілем, алаша, қоржын, гобелен тігуден бастаған А.Иханова мен Ж.Үмбетов еліміздің түкпір-түкпірін аралап, өсімдіктерді, олардан табиғи бояу жасаудың жолдарын бірге зерттеген.

Туындылардың тақырыбын табуда суретшілер ұлттық мәдениетке сүйенеді. Олардың жұмыстары Тамғалы шатқалдарындағы бейнелермен жиі үндесіп жатады. Алматыдан 180 шақырым жерде орналасқан «аспан астындағы музей» ежелгі көсемдердің тауға ойған суреттеріне өте бай. Бүгінде олар былғарының бетіне де ойылып, қос суретшінің арқасында өшпес ізін сақтап отыр.

Елбасы кітапханасында сақтаулы тұрған шеберлердің суреті де қола дәуіріне жататын таңбаларды қамтиды. Картинаның орта тұсында тас үстінде отырған сұңқар бейнеленген. Сұңқардың артында әдемі тау жатыр. Бояумен орындалған суреттің бетіне Тамғалының таңбалары, оның ішінде күн басты адам мен мүйізді жануар бедерленген.

Осы да басқа суреттерімен өнер сүйер қауымды таң қалдырған авторлардың жұмыстары АҚШ, Франция, Италия, Германия, Түркия, Ресей, Украина сынды көптеген елдердің назарына ұсынылған. Бүгінде олардың көбі Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде, сондай-ақ түрлі мемлекеттердің музейлері мен жеке коллекциялардың қатарына сақталған.

Ерлі-зайыптылардың туындылары ағылшын патшайымы I Елизаветаға, испан патшасы II Хуан Карлосқа, Франкфурт-на-Майне қаласының мэриясына, Америка құрама штаттарының бұрынғы президенті Джеймс Картердің әулетіне сыйланған. Жұмыстардың бірі Нью-Йорктағы БҰҰ штаб-пәтерінің кіреберісінен де орын тапқан.