Бүгін, ағымдағы жылдың 16 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Уашингтон қаласына сапармен барды. Бұл – Америка Құрама Штаттарына Н.Ә. Назарбаевтың сегізінші ресми сапары. Бұл реттегі сапар үш күнге дейін жалғаспақ.
Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдегендей, ресми сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездеседі. Мемлекет басшылары жергілікті қауіпсіздік пен экономикалық серіктестік мәселелері бойынша стратегиялық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту жолдарын талқыламақ.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті 18 қаңтарға жоспарланған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» атты мәжілісіне қатысады.
Естеріңізге салсақ, Қазақстан мен АҚШ арасындағы тығыз байланыстар ядролық қарусыздандыру және таратпау аясында өрбіді.

Мемлекет басшымыздың АҚШ-қа алғашқы ресми сапары мен президент үлкен Дж.Бушпен Ақ Үйдегі кездесуі 1992 жылғы 19 мамырда өткен болатын. Н.Ә. Назарбаевтың АҚШ-қа алғашқы сапары кезінде Қосарланған салық салу жөніндегі конвенция, Өзара түсіністік туралы меморандум, Қаржы жұмсалымын көтермелеу және өзара қорғау, Қаржы жұмсалымын ынталандыру, сауда қарым-қатынастары, қолғабыс етуді жеңілдету жөніндегі келісімдер, т.б. құжаттарды қорытуға бірлескен өтініш жазылды. Елбасы Жеке архивінің фото құжаттары, үлкен Джордж Буштың АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда келісіміне қол қойған қаламы оны дәлелдеп отыр. Қалам бетіне АҚШ елтаңбасы мен президенті – үлкен Дж.Буштың қолтаңбасы басылған.
Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-қа келесі сапары 1994 жылдың ақпанында өтті. Келіссөздер нәтижесінде Н.Ә. Назарбаев пен Б.Клинтон Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы демократиялық ынтымақтастық туралы хартияға қол қойды.

Н.Ә. Назарбаевтың 1999 жылғы желтоқсанда АҚШ-қа сапары кезінде қос мемлекет басшылары екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, халықаралық саясаттың жергілікті және жаһандық өзекті мәселелерін қарастырды. Бұл кездесуден естелік ретінде Б.Клинтон Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа АҚШ елтаңбасының бедері бар жеңілгек сыйлаған. Бүгінде ол жәдігер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Музейінің материалдық мәдениет бұйымдары коллекциясында сақтаулы тұр.
2004 жылғы 3 тамызда Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Астанада АҚШ Конгресінің мүшесі Эни Фалеомаваеганы қарсы алды. Конгресс мүшесі Елбасыға «2003 жылғы 16 қазан – Халықаралық азық-түлік күні» естелік медалін табыстады. Бұл жәдігер бағалы металлдар мен бағалы тастардан жасалған бұйымдар коллекциясында сақталған.

Елбасы кітапханасы Музейінің қорында сақтаулы тұрған Америка Құрама Штаттарының байрағы – Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық, серіктестік қатынастардың айғағы болатын бірегей жәдігерлердің бірі. Флорида штатының конгрессмені Роберт Векслер байрақпен қоса АҚШ Конгресі мүшелерінің сәлемхаты мен байрақтың сертификатын табыстаған болатын. Сертификат байрақтың 2006 жылғы 27 қыркүйекте, Қазақстан Президентінің АҚШ-қа сапары кезінде Капитолий ғимаратында көтерілгенін растайды. АҚШ Конгресі желбіреткен ту Елбасыға деген сый-құрметтің, АҚШ пен Қазақстан арасындағы достықтың белгісі болды.

Елбасының Жеке архивінде Елбасының 2000 жылы Астанада өткен АҚШ мемлекеттік хатшысы М.Олбрайтпен кездесуі мен 2015 жылы Нью-Йоркте өткен АҚШ президенті Б.Обамамен кездесуінен сыр шертетін фотосуреттер сақталған.

Қос мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастың келесі дәлелі – Елбасының жеке архивінде сақтаулы тұрған құжаттар. Олардың қатарында 1993 жылдың желтоқсанында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевқа Билл Клинтон мен Хиллари Родхэм Клнтонның жіберген жаңа жылдық құттықтау хаты (1994), сондай-ақ АҚШ президенті кіші Дж.Буш жіберген Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтау хаты (08.12.2003) бар.