Елбасы кітапханасы «Жасампаз еліміздің тарихы: кітаптар, жәдігерлер, архив құжаттары сөйлейді» жобасы аясында кезекті тың материалды назарларыңызға ұсынып отыр. Оған Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетінің 25 жылдығы арқау болды.
Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде.
Бүгінде Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында VII қысқы Азиада ойындарының факелі сақтаулы. Эстафетаның басты атрибуты көшпенділер тарихына негізделген біршама элементтердің басын қосады. Алауды дайындау барысында б.з.д. ІІІ ғасырғы сақ шырағданы үлгіге алынған. Металл құймасынан бедерленіп жасалған қанатты барыстар – от пен жарықтың қорғаушысы, даналықтың нышаны.
Азиада ойындары 1951 жылдан бастап әр 4 жыл сайын өтеді. 2006 жылдың 5 қаңтарында қысқы ойындар Алматы қаласында өтетін болып шешілді.
Азиада ойындары тарихында Олимпиада алауының толыққанды эстафетасын өткізу алғаш рет VII ойындар кезінде ұйғарылды. 2011 жылдың 11 қаңтар күні АОК штаб-пәтері орналасқан Эль-Кувейт қаласында салтанатты рәсім барысында эстафета алауы жағылды. 12 қаңтарда Алматыға жеткізілген алау Қазақстан аймақтарына жол тартты. 20 күннің ішінде эстафета облыс орталықтарын аралап, 30 қаңтар күні елордалық «Астана-Арена» стадионында өткен Азиада ойындарының ашылу салтанатына жеткізілді.
Елбасы кітапханасына келушілер үшін эстафета алауымен қатар Мемлекет басшысының Beijing-2008 алауының Алматыдағы шеруінде киген спорт костюмі ұсынылған. Оның оң жақ төсінде ХХІХ Олимпиада ойындарының нышаны, сол жақ төсінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы мен «KAZAKHSTAN» жазуы бар. Бейсболканың көк түсті күнқағарында да ХХІХ Олимпиада ойындарының нышаны бейнеленген.
2008 жылы Олимпиада ойындарын өткізу мәртебесін Қытай иеленді. Байрақты доданың алауы әлемнің 22 елін аралады. Қонақжай қазақ жері эстафетаны алғашқы болып қабылдады. Олимпиада алауының еліміздегі бағыты Іле Алатауы баурайында орналасқан «Медеу» мұз айдынынан басталған.
Алтын олимпиадалық орден де көпшіліктің қызығушылығын оятады. Марапатты 1997 жылы Мемлекет басшысына Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) сол уақыттағы президенті Хуан Антонио Самаранч табыстаған. Орден олимпиадалық қозғалысты дамытудағы ерен еңбек үшін тағайындалады. Бұл ХОК ең жоғары марапаты саналады.
Тарихи жәдігерлермен Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында (Бейбітшілік көш., 11) танысуға болады.