2019 жылғы 11 қаңтар күні №58 «Өркен» балабақшасының тәрбиеленушілеріне «Экспонаттар сөйлейді...» топтамасынан «Менің шежірем – елімнің шежіресінің бөлшегі» атты көшпелі музей сабағы өтті. Іс-шара Астана қалалық Білім басқармасының елордалық мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің педагогтары мен басшылары үшін ұйымдастырған «Сөзін тыңдап дананың, сырын ұғам даламның» атты семинар аясында өтті.
Сабақ Елбасының кітапханасы музейінің залдары бойынша «Жол сілтеуші әліппе» түрінде өтті. Бүлдіршіндер үшін дүниетанымын кеңейтуге, білімін, тәрбиесін арттыруға, әсемдікке үйретуге, отансүйгіштік сезімін дамытуға ықпал ететін ерекше орта ұйымдастырылды. Балалар ойындық тапсырмалар, топтық жұмыстар арқылы «Б» әрпімен танысты, батырлар институты мен батырлардың әскери жабдықтары туралы көптеген мәліметтермен танысты.

Музейлік сабақ барысында Елбасының кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық және білім жобалар қызметінің ғылыми қызметкері Саягүл Жақұпова балалардың назарына қазақтың дәстүрлі қару түрі – «бес қаруды» ұсынды. Сабақта жекпе-жекке шығу кезінде ақсақалдардың батырларға бата беру дәстүрі көрсетілген сахналандырылған элементтер көрсетілді. Музейлік жәдігерлермен танысу барысында балалар музейлік заттардың көркемдік құндылығы мен мән-мағынасы туралы бастапқы білім алды.
Жас жеткіншкетер Қазақстанның Қарулы күштері тарихымен танысып, оның Жоғарғы Бас қолбасшысы Елбасымыздың рөлі туралы түсінік алды. Топтық жұмыс кезінде әрбір бүлдіршін белсенділік танытуға және әңгімеге тартылды.
№58 «Өркен» балабақшасының меңгерушісі Ляззат Дүйсенғазина сабақтың жоғары кәсібилік пен сауатты әдістемелік тәсілмен құрылғанын атап өтіп, Елбасының кітапханасы қызметкерлеріне алғысын білдірді:

– Балалар батырлар институтымен қатар үлкен қызығушылық таныта шежіремен ле танысты. Мұндай инновациялық іс-шараларды өткізу бүлдіршіндерге өз халқының бай тарихын терең түсінуге, сондай-ақ еліміздің жас азаматтарының Отанға деген шынайы құрмет пен сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– «Мен қазақ батырларындай болғым келеді. Маған сабақта қазақ сарбаздарының қарулары ұнады. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың шежіресі туралы көп нәрсе білдім. Сабақ өте қызықты өтті» - деді сабақты жоғары бағалаған кішкентай патриот Нұрәли Аспандияр.