6 желтоқсанда генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің оқушылары Елбасы кітапханасының бағдарламасы бойынша екі күндік «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингін бастады.

Армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі – 7–11 сыныптарды оқытатын жалғыз әскери оқу орны. Мектептің басты міндеттерінің бірі – оқушыларды Отанына, Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, азаматтық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштеріне мектеп қабырғасынан болашақ әскер басыларын дайындау үшін арнайы оқу орнын құру еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясы болатын. Отанды қорғау жоғары азаматтық борышымыз болып саналады. «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілерін аңызға айналған батырлар, Ұлы Отан соғысының жауынгерлерінің дәстүрін жалғастыруға шақырады. Мектепке Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтың есімі кездейсоқ берілген жоқ, оның өмірі мен жауынгерлік еңбегі жас Отан қорғаушыларға үлгі екені сөзсіз. Тәрбиеленушілер аңызға айналған қазақ халқының батыры, егемен Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрінің атындағы өз мектептерін мақтан тұтады.
Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы Ғазиз Телебаев «Жас ұлан» оқушыларының жоғары деңгейлі дайындықтарын ерекше атап өтті:
– Жасұландықтар жоғары тәртіптерімен ерекшеленеді, барлығы жазып алуға тырысады. Кез келген ақпаратқа өте мұқият қарайды. Сұрақтарға деген қызығушылығы сезіліп тұрады, талқылауға да белсенді қатысады, сұрақтар қояды. Жасұландықтар үшін жоғары отансүйгіштік қасиет өте маңызды. Олар – нағыз өз елінің патриоттары. Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу тарихына байланысты сұрақтар оқушылардың белсенділігін арттырды. Жастардың барлығы дәл осы жасұландықтар сияқты болса деген ой келді.

Отанымыздың жас қорғаушылары оқу курсын жемісті аяқтап, сертификаттар алды, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ауқымды іс-шара – «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» журналистер арасында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздарын марапаттау салтанатты рәсіміне қатысты.
