ЖАС КӨШБАСШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН САБАҚ-ЭКСКУРСИЯ

20 ақпан күні Елбасы кітапханасының музейінде елордалық №75 мектеп-гимназия оқушыларына арналған «Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі» атты сабақ-экскурсия өтті. Сабақ тарихи орын – Тұңғыш Президенттің жаңа астанадағы алғашқы Резиденциясының болған кезде Үкіметпен, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері басшыларымен кеңес өткізуге арналған Мәжіліс залында өтті. Мәжіліс залында орналасқан «Қазақстан Республикасы: мемлекеттің қалыптасуы мен даму стратегиясының айқындалуы» экспозициясы экскурсия қатысушыларына сайлау алды науқан кезеңіндегі шиеленіскен саяси күрес ахуалына толық ауысуына мүмкіндік берді.

  

Сабақ барысында оқушылар Қазақстан Республикасы сайлау жүйесінің ерекшеліктерімен, еліміздің жетекші саяси партияларының бағдарламаларымен және отандық партия жүйесінің қалыптасу тарихымен танысты. Басты назар кез келген мемлекет үшін маңызды саяси оқиға – Президент сайлауына аударылды.

Сабақтың тәжірибелік бөлімі «Мәслихат сайлауы» ойыны түрінде өтті. Онда балалар жергілікті өкілетті органдарға үміткерлерді таңдап қана қоймай, өз таңдауына нақты дәлелдеме беруге тырысты.

Іс-шараға қатысушылар белсенділік танытып, терең білім, тамаша шешендік қабілеттерін, заманауи қазақстандық қоғамның өзекті мәселелерін айқын түсінетіндіктерін паш етті. Олардың көпшілігі – түрлі пән олимпиадаларының жүлдегерлері және «Алтын белгі» үміткерлері.

– Маған да сабақ қатты ұнады. Бізге, болашақ сайлаушы ретінде мемлекетіміздің сайлау жүйесінің ерекшеліктерін білу маңызды. Бүгін нақты мысалдар арқылы сайлаудың әр адамның өміріне қажетті екеніне көз жеткізіп, халық қалаулыларының бойынан табылуы тиіс қасиеттер туралы білдік, – деді №75 МГ 11 «А» сынып оқушысы Әлида Ахметова.

– Бүгінгі сабақта біз маңызды және аса қажетті тақырыпқа жүгіндік. Мұның біз үшін тәжірибелік маңызы зор, өйткені біз саналы өмірімізде маңызды шешімдер қабылдау үшін жиі таңдау жасауға тура келеді.  Ел Президентін сайлау – саяси өмірдің маңызды бөлігі деп санаймын, өйткені барша қоғамның одан әрі дамуы мен өркендеуі мемлекеттің бірінші тұлғасына байланысты, - деп атап өтті №75 МГ 11 «А» сынып оқушысы Әділ Мейрамбайұлы.