Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті халықаралық қатынастар факультетінің студенттері қатысқан «Жаңа Қазақстан – болашаққа бастар жол» семинары өтті.
Онлайн іс-шараға Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ тарапынан 50-ден астам студент пен профессор-оқытушылар қатысты. Олардың қатарында халықаралық қатынастар факультетінің деканы Ғазиза Көрпебаева мен кафедраның меңгерушісі Гүлнаш Асхат болды.
Семинар барысында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ұсынған конституциялық реформа мен республикалық референдумның мәселелері ортаға салынды.
«Әділдік пен заң үстемдігіне негізделген Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда бұл оқиғаның тарихи, саяси маңызы зор. Референдумға ұсынылған реформалар қоғамның бүкіл саяси жүйесіне, жүйенің жаңғыруына, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігін жаңартуға бағытталған», - деді Елбасы кітапханасы Зерттеу және халықаралық жобалар қызметінің басшысы Жансая Жабина.
Жаңа Қазақстанды қалыптастыру мен дамытудың өзекті мәселелеріне арналған ғылыми семинарлар мен кездесулер циклі жас ғалымдарды қызықтырды. Олар Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің ғылыми, академиялық қауымдастықпен өткізетін іс-шараларына жүйелі түрде қатысуға ниет білдірді.