Жапония Парламентінің Сыртқы істер вице-министрі, Жапонияның либералды-демократиялық партиясының мүшесі Наканиси Сатоси бүгін Елбасы кітапханасының музейінде болды.

Қонақ тәуелсіз Қазақстанның құрылу тарихы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбек жолынан сыр шертетін экспозициялармен танысты.
Мазмұнды экскурсиядан кейін Наканиси Сатоси кітапхананың технологиялары мен экспонаттардың бірегейлігіне жоғары баға беріп, олардың болашақ ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті.

Сапар аясында Наканиси Сатоси Елбасы кітапханасының директоры Б.Темірболатпен кездесті. Қазақстан мен Жапонияның бұрыннан келе жатқан достық қарым-қатынастары тілге тиек етілді. Қос мемлекет те ядролық қарудан зардап шеккен екі ел.

Күншығыс елі тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның ядролық қаруды таратпау бастамаларын қолдады. 2009 жылы Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Семей полигоны жабылған күнді, яғни 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күні деп жариялады. Жапония бұл шешім бойынша БҰҰ Бас ассамблеясы қарарының демеушісі болды.

Кездесу соңында мекеме басшысы қонаққа алғыс білдіріп, екі ел арасындағығы жан-жақты ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігін айтты. Б.Темірболат Елбасы кітапханасына сапардан естелік ретінде мейманға «Н.Ә. Назарбаев. Өмірбаян» кітабын тарту етті.