Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтарда жарияланған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы қалың жұрттың қолдауына ие болды. Стратегиялық тың құжатқа пікір жазған абыройлы азаматтардың қатарында Елбасы кітапханасы Архив және ақпараттандыру қызметінің басшысы Еран Мағұзұмов та бар.

«Елбасы өткенді саралап, халқына қысылтаяң шақта тағы да жол көрсетті. Ойға баттым, көз алдыма 90-шы жылдар қиындығы тізіліп, бүгінмен салыстырдым. Өлең жолдары тілге оралды», дейді Еран Құдысбекұлы. Автордың қаламынан тамған поэзиялық шығармамен бөлісуді жөн деп ұйғардық:
Елбасы жолдауы әсерімен
Өткен уақыт бүгінгімен алмасып,
Ойым жатыр бір-бірімен жалғасып.
Саналы адам бейқам қалар сәт пе бұл,
Жолдау жасап, жол көрсетсе Елбасы.
Тауқіметтің торын шырмап құрғандай,
Сан қиындық тұс-тұсыңнан ұрғандай,
Кезден де өттік сұсы қатты, шырғалаң,
Елдігіміз қыл үстінде тұрғанда.
Аттай алмай жүрер жолды дөп тауып,
Әр ісіңнің алдын орап тек қауіп,
Тығырыққа тірелген сол күндерде,
Мұңға батып, қапаланды көп халық.
Жұртпен бірге көрдім мұны өзім де,
Ел ішінде қызмет еткен кезімде.
Қиналсақ та алға үмітпен қарадық,
Батпан салмақ түскен шақта төзімге.
Баста бізді, белді будық бекем деп,
Ел тізгіні берік қолда екен деп,
Халқы сенді Нұрсұлтандай ұлына,
Елбасыммен жақсы күнге жетем деп.
Содан бері жиырма алты жыл өткенде,
Шаттанамыз бүгінгі қол жеткенге.
Арайланды елім, жерім, ертеңім,
Тәуелсіздік таңы нұрын сепкенде.
Киер киім, ішер тамақ бәрі бар,
Еш себеп жоқ бір нәрседен тарығар.
Заман туды ел еңсесін көтеріп,
Шет жұрттарға жалтақтаудан арылар.
Кемеңгерлік танытты Ел басымыз,
Қолдай білдік оны кәрі-жасымыз.
Сан түрлі ұлт бір халық боп ұйысып,
Домалады өрге бүгін тасымыз.
Әлем бірақ сан құбылып, толқуда,
Себептер көп секем алып, қорқуға.
Болашақты бағамдауды жаңаша,
Ұсынады Елбасыдай зор тұлға.
Елім маған не берер деп тоспайық,
Пайдасы көп небір істер бастайық.
Озық елдер қатарына жетелер,
Жаңғырудың жаңа жолын қостайық!