Елордада алда келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Жастардың дамуы мен қалыптасуы, қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелей отырып, отансүйгіштік рухты бойларына ұялату сарапшылар көтерген басты тақырыптардың бірі болып отыр. Сондай-ақ, жастардың мемлекет тарихын зерттеуге деген қызығушылығын арттыру басты назарға алынды. Аталған шараға Елбасы кітапханасының қызметкерлері де қатысты.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйытқы болған «JASTAR: ózekti másele» сараптама алаңының отырысында Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің маманы Аслан Әзірбаев «Қоғамдық сананы жаңғырту: жастардың қалыптасуы жолындағы ұлттық тарих» тақырыбында баяндама жасады.
Ашық диалог форматында өтетін «JASTAR: ózekti másele» жобасы жастардың даму жолындағы өзекті мәселелердің тиімді шешімін табуға ықпал етеді. «Қазақ елінің жастары мен кейінгі ұрпақ әлем мен қоғамның өзара үйлесімділігін, оның жеке гармониясын, риясыз ынтымақтастыққа негізделген коммуникативтілік дүниетанымның қыр-сырын игеріп, заман ағымынан қалыс қалмау керек. Әрбір қазақстандықтың дүниетанымы білім, әділдік, бекзаттық, шынайылық және мейірімділік сынды асыл қасиеттерден бастау алуы тиіс», – деп атап өтті А.Әзірбаев өз баяндамасында.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өскелең ұрпақ тәрбиелеу жолындағы рөлі жайлы «Көшбасшылықтың 30 жылы» халықаралық конференциясы жұмысының қорытындысы бойынша түсірілген «Тәуелсіздіктің 7 қыры» циклының «Жаңғыру жолы» деректі фильмі талқыланған дөңгелек үстел қатысушылары да айтты.
«Жаңғыру жолы» деректі фильмі қазақ халқының демографиялық проблемаларына, қандастарымыздың тарихи отанына оралуына, қазақ тілінің даму жолына, мемлекеттік тілде оқытатын мектептер мен жоғары оқу орындарының ашылуына арналған. Онлайн форматта өткен дөңгелек үстелге 150-ден астам қатысушы жиналды. Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкері Ақбота Хамитова көтерілген мәселелер бойыша өз тәжірбиесімен бөлісіп, ой алмасты.
«Еліміздің басты жетістігі – Тәуелсіздік». Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көрегендігінің арқасында халқымыз бүгінде бейбітшілік пен келісім салтанат құрған мемлекетте өмір сүріп жатыр. Елбасы атап өткендей, дәл осы құндылықтар мемлекеттік саясаттың басты басымдықтықтарына айналады», - деді А.Хамитова дөңгелек үстел барысында.


