Біздің республикамыздың тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері барша әлемде қолдау тауып, танылды. Жас Қазақстан қалыптасуының алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың аса маңызды міндеттерінің бірі әлемнің барлық елдерімен дипломатиялық қатынастар орнату болды. Осы жылдары орасан зор жұмыстар атқарылды, Елбасының басшылығымен құрылған Қазақстанның сыртқы саяси байланыстары жоғары өзара сенім, құрмет және ынтымақтастыққа негізделді. Нәтижесінде, бүгінгі күні Қазақстан халықаралық қауымдастықтағы орны нық бекіген бейбіт, экономикалық тұрғыда тұрақты, көпұлтты мемлекет мәртебесіне ие болды.
Елбасы кітапханасы «Қазақстандық жол: сыртқы саясат» атты жаңа ақпараттық жоба ұсынады, жоба аясында Қазақстанның басқа елдермен дипломатиялық қарым-қатынастарының тарихы, мемлекетіміздің халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың барша әлемдік қауымдастықта үлкен оң резонанс тудырған жаһандық идеялары мен бейбіт бастамалары туралы баяндалатын болады.
Біздің алғашқы материал күнтізбе бойынша Қазақстанның сыртқы саясаты үшін есте қаларлық оқиғаға сәйкес келді. Осыдан тура он жыл бұрын, 2010 жылдың 21-23 сәуірінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапар жасады..

Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Кореяның премьер-министрі Чон Ун Чханмен кездесіп, Кореяның ірі компанияларының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Бұл сапардың маңызды оқиғалары Корея Республикасында Қазақстан жылының ашылуы және Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Корей университетінің Құрметті докторы атағының берілуі болды.

Қазақстан лидеріне Корей университетінің Құрметті докторы атағын беру туралы шешім университеттің Ғылыми кеңесінде қабылданып, 2010 жылғы 23 сәуірде Елбасының Корей университетінің оқытушы-профессорлар құрамы және студенттерімен кездесуінде мәлімделді.
Оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев университеттің басшылығына аталған жоғары атақты бергені үшін алғысын айтты. Ол Корей университеті мен оның түлектері өз елдерінің дамуына орасан зор үлестерін қосқанын және бұл Корея Республикасының әлемдік саясат пен экономикада алдыңғы қатарға шығуына септігін тигізгенін атап өтті. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан мен Корея екіжақты экономикалық ынтымақтастығында ғылымды қажет ететін және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға бағыттауға ниетті екендерін жеткізді. Бұл тұста Қазақстанның Тұңғыш Президенті университеттер мен басқа да жоғары оқу орындарының, Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарының өзара іс-қимылына жетекші рөл жүктеді. Бірлесіп оқыту және мамандар алмасу Қазақстан-Корея ынтымақтастығын дамытудың үлкен саласы болуы мүмкін. Елбасы екі елде жалғасып жатқан білім беру жүйелері, ғылыми зерттеулер мен инновациялардың өзара байланысын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Сөз барысында Н.Ә.Назарбаев қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 100 студент білім алып жатқанын және Қазақстан «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алмасу аясын кеңейтуді қарастырмақ екенін алға тартты.
Сөзін қорытындылай келе, Тұңғыш Президент университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне, сондай-ақ барша корей халқына бейбітшілік, гүлдену және сәттілік тіледі.
Қазақстан мен Оңтүстік Кореяны бұрыннан келе жатқан достық пен ынтымақтастық байланыстырады. Корея Республикасы - Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Қазақстанның басым серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тарихы тереңде. Интенсивті диалог жоғары деңгейде жүруде, парламенттер мен үкімет, министрліктер мен ведомстволар, іскер топтар деңгейіндегі байланыстар да дамуда. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамуда. 2019 жылы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында 2019-2022 жылдарға арналған «Самал жел» атты жаңа Экономикалық ынтымақтастық Бағдарламасына қол қойылды, бағдарлама аясында 10 сала бойынша 58 қазақстан-кореялық жобаларды ісе қосу қарастырылған. Қазақстанда Кореяның қатысуымен 300 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. 2005 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта Оңтүстік Кореядан Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 5 миллиард долларды құрады. Қазақстанның 20-ға жуық университеті Кореяның жоғары оқу орындарымен байланыс орнатты.
Анықтама:
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылы Сеулге жасаған мемлекеттік сапары екі мемлекет ынтымақтастығы тарихындағы үшінші сапар болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Кореяға алғаш рет 1995 жылдың мамырында ресми сапармен барды. Сондай-ақ, Н.Ә.Назарбаев Кореяға бұған дейін бір ресми (2003 жылы), бір жұмыс бабымен (2012 жылы) сапарлады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев 1995 жылдан бері билікте тұрған Корея Республикасының барлық президенттерімен оң қарым-қатынасты қолдады. 2009 жылы қазақстан-корей достық қатынастарын дамытуға қосқан ауқымды үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Корея Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы «Мугунхва» (Мәңгі гүлдеген раушангүл) орденімен марапатталды.

Оңтүстік Корея Елбасының бастамасымен құрылған «ядролық қарусыз аймақтарды құру» бастамасын және Ядросыз әлемнің жалпы декларациясын қолдайды. Оңтүстік Корея Корей түбегін ядролық қарусыздандыруға ұмтылуда.

Корей университеті (Корё университеті - Korea University, KU) Кореяның ең ежелгі оқу орындарының бірі (1905 жылы құрылған), әрі Ұлттық университет және Ёнсе университеттерімен бірге елдегі ең үздік ЖОО қатарына кіреді. Корё университеті әлемдегі ең үздік 100 университеттің қатарына кіреді және түрлі академиялық қауымдастықтардың, оның ішінде APRU (Тынық мұхит аймағы университеттерінің қауымдастығы) мүшесі, бұл қауымдастық қатарына Стэнфорд университеті, Берклидегі Калифорния университеті, UBC, Бейжің және Токио университеттері, Сингапур Ұлттық университеті кіреді.