«Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингінің жаңа маусымында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері бас қосты.

Екі күндік іс-шара аясында олар Елбасы кітапханасы ғылыми қызметкерлерінің дәрісін тыңдап, Мемлекет басшысының жаһандық бастамалары мен тұжырымдық идеяларын талдады.
Семинар-тренингтің қорытынды күнінде жастар Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының 3 дүркін жүлдегері Гүзәл Манюровамен сұхбаттасты.
Гүзәл Таһирқызы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, олардың сауалдарына өнегелі мысалдар келтірді:

– Спорт ойындарының қатысушылары әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Олардың қатарында елдерінде соғыс жүріп жатқан мемлекет өкілдері де бар. Мұндай спортшылардың ел намысын қорғаудағы құлшынысына қайран қаласың. Жаның да ашиды. Сондай сәттерде еліміздің бейбіт өмір кешіп жатқанын ойлап, іштей шүкіршілік етемін. Көпұлтты, көпдінді мемлекетіміздің бірлігі сөзсіз, халық тізгінін ұстаған Елбасымыздың еңбегі. Неше түрлі саяси ахуал болып жатқан заманда бейбіт елдің азаматы болу – үлкен бақыт, - деді ол.

Спортшының айтуынша, кез келген салада, кез келген жағдайда бәсекеге қабілетті бола білу – жеңістің таптырмас кепілі. Бұл ойды ол жастарды қанаттандырумен жалғастырып, оларды әр қадамды анық басуға шақырды.
Іс-шарадан оң әсер алған студенттер әлеуметтік желіде пікір бөлісіп асығуда. Олардың бірі, ҚазҰУ студенті Мейрамбек Сақтағанов өз парақшасында былай деп жазады:

– Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қазақстан xалқына арналған жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екені анық. Осы игі бастама негізінде Елбасы кітапxанасының ұйымдастыруымен Жастар жылына арналған жобалар бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соның бірі – «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты семинар-тренингі. Екі күндік оқу курсы бойынша тренингтің өзі де тағылымдықтың идеяларына толы болды. Бой қуатты болып, жалындап тұрған шағымызда неге талай биіктерді бағындырмасқа?! Ең үздіктердің басын қосып, оларға әрі қарай жол сілтеп, бағыт-бағдар сыйлаған үкілі үміттерге кірбің, сенімге серкеу түсірмеуге тырысамыз! Мүмкіндіктер кезеңі. Біздің жыл. Біздің уақыт! Барлығы өзіміздің қолымызда! – дейді Мейрамбек.
