ЖАЛПЫҚАЛАЛЫҚ СЕНБІЛІК: ЕЛОРДАҒА ДЕГЕН ЫҚЫЛАС

Ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінде Елбасы кітапханасының 95 қызметкері күзгі экологиялық айлық аясында өткен «Астана – таза қала» жалпықалалық сенбілігіне қатысты. Елорданы санитарлық тазалауға, абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған сенбілік барысында Кітапхана  мен Музей белсенділері бекітілген аумақтарын тазалап, мекемелер маңайындағы ағаш түптерін  қопсытты. Таза ауада таң шуағына бөленген сенбілік қатысушылары іс-шараға қатысты әсерлерімен бөлісті.

Философия ғылымдарының докторы, Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ғазиз Телебаев сенбіліктердің маңыздылығын атап өтті:

– Сенбілік өткізу дәстүрі бүгінгі қазақ қоғамы өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Мұндай жұмыстар адамды тәрбие мен тәртіпке баулиды. Президент өзінің бағдарламалық мақаласында бізді Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы болуға шақырады. Бұл нені білдіреді? Еңбек қоғамның негізгі санаты, басым идеясы болуы керек. Сөзден іске көшкен жөн. Бұл орайда әр қатысушының еңбегі арқылы сенбіліктер сүйікті қаламыздың, мемлекетіміздің гүлденуіне зор үлес қосады. Адамның ұзақ та берекелі өмір сүруі үшін ойы зерек, қолы шебер болуы тиіс. Еңбектің адам санасы мен тәніне пайдасын ғылыми зерттеулер де дәлелдейді. Бұл өсиетті балаларға ұйытқан абзал, - дейді Ғазиз Тұрысбекұлы.

Бұл оймен Елбасы кітапханасының механигі, көп балалы әке Жеңіс Орынбаев та келіседі:

– Сенбіліктерге қатысу ісі жанұямыз үшін игі дәстүрге айналды. Бүгінгі жалпықалалық сенбілікке оқушы балаларым да қатысып жатыр. Оларды адал еңбекке жастайынан баулуға тырысамын. Балаларым қаланың, мемлекеттің алдындағы жауапкершіліктерін сезінсе деймін. Себебі, Тәуелсіздіктің туын дәл жастарымыздың өзі желбіретуі тиіс. Мұндай акциялар барысында ортақтасып еңбек ету оларды өзара көмектесуге, көпшіл болып, бір-біріне ықылас танытуға үйретеді, - дейді ол.

Ал Құқықтық сараптама, құжаттамалық-техникалық қамтамасыз ету және кадр жұмысы қызметінің жетекші сарапшысы Рүстем Молдағаринов:

– Мен өз қаламды ұнатып, мақтан тұтамын. Оның игілігі үшін көпке дайын болғандығымнан, аталмыш үлгідегі акцияларға әрдайым қуана қатысамын. Сенбілікке қатысудың жақсы жақтары көп. Оның арқасында көңіл-күй бен рух көтеріліп, дене ширайды, топта жұмыс істеу икемділігі артады, - деп пікірімен бөлісті.

Заманауи қоғамда сенбіліктер өткізудің өзектілігін Баспа және жұртшылықпен байланыс қызметінің жетекші сарапшысы Лилия Флерко атап өтті:

– Қоғам игілігі үшін атқарылатын ұжымдық еңбектің көпжылдық дәстүрі кеңестік уақыттан бастау алады. Оның маңыздылығы бүгінде, климат өзгеруі мен экология мәселелері кең етек жайып жатқан кезде тереңдей түсті. Қазір сенбіліктердің қажеттілігі жоғары. Қоршаған ортаға, оның ахуалына қамқор адамдардың саны өсіп келеді. Кейде біз де жиналған достарымызбен арнайы демалыс зоналарына барып, даланы қоқыстан тазартамыз. Бізбен мүдделес, ниеттес адамдардың қатары толығып жатқаны бізді қуантады. Мен өз қаламды жақсы көремін. Ал елордамыз өз кезегінде көрікті, әрі таза болуы шарт.

Елбасы кітапханасы Музейінің қызметкері, Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің сарапшысы Ғайни Серікбаева сенбіліктің пайдалы әрі көңілді іс-шара ретінде өткенін белгіледі:

–  Алаңдағы «Шаңырақ» орталық композициясын ретке келтіріп, Музей маңайын тазаладық. Әдетте біз күні бойы жәдігерлер мен қор жинақтары жұмыстарынан бас ала алмасақ, осы ретте әріптестерімізбен таза ауада сергіп те, әңгімілесіп те үлгердік. Әр қатысушыға бүгінгі сенбіліктің тигізген пайдасы зор деп ойлаймын.

 

Астана әкімдігінің деректеріне сүйенсек, маңызды шараға 90 мыңға жуық адам қатыспақ. Олардың қатарында мыңнан астам кәсіпорын мен ұйым, 49 жоғары және орта білім беретін білім мекемесі, 184 мектепалды және жалпы білім беру ордасы, 73 денсаулық сақтау мекемесі, 161 мемлекеттік мекеме бар.