23 наурызда Елбасы кітапханасында талантты жастар - «VI Наурыз кездесулері» ғылыми байқауының үздік қатысушылары Қазақстанның Еңбек Ері, халықаралық дәрежедегі кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ Басқарма төрағасы Юрий Пямен кездесті.
Бүгінгі таңда Юрий Пя 10 мыңнан астам науқасқа операция жасаған. Оның ең жас емделушісі – туғанына небәрі 3 сағат өткен нәресте болса, жасы ең үлкені 103 жастағы қария. Атақты хирург жасаған ең ұзақ операция 26 сағатқа созылған.
Кездесуді жүргізген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков: «Қазіргі таңда Қазақстан медицинасы қарқынды дамып келеді. Біздің еліміздің кардиохирургиялық орталығы әлемге танымал және оның беделі жоғары. Бұған біздің мейманның да қосқан үлесі зор. Осы орталықта Ю.Пяның шәкірттері еңбек етуде. Юрий Владимирович қажырлы еңбегінің арқасында үлкен кәсіби табыстарға жетті».
Кештің құрметті қонағы жастармен кездесудің ұйымдастырылғанына ризашылығын білдіре келе: «Мен Елбасы кітапханасында креативті және талантты жастармен кездескеніме өте қуаныштымын. Сендер – біздің болашағымызсыңдар» деді.
[Best_Wordpress_Gallery id="22" gal_title="Встреча молодежи с Юрием Пя"]
Кездесу ашық әңгіме түрінде өтті. Оқушы жастар Юрий Пяға медициналық практика мәселелері, оның өмір және еңбек жолы, дәрігерлік ар-ұждан және адамгершілік құндылықтары туралы өздерін толғандырған көптеген сауалдар қойды. Атақты дәрігер қойылған барлық сұрақтарға ашық және шынайы жауап берді.
Юрий Пяның айтуынша, ол үшін ең қиыны алғашқы операция жасау болған. Ол соқыршекті алып тастау керек еді.
Кездесуге қатысқан жүзден аса оқушы қатарында Юрий Пяның бір кездері өзі операция жасаған пациенттері де болды. Олар – Ажар мен Данабек деген оқушылар. Олар атақты кардиохирургпен кездескендеріне қуаныштарын жасырмады.
Кеш соңында сөз алған Юрий Пя жастарға: «Сендер тамаша елде өмір сүріп жатсыңдар. Биік мақсаттарды бағындыруға барлық мүмкіндіктер бар. Аянбай еңбек етіңдер. Бақытты алыс елдерден емес, туған елімізден іздеңдер. Тәуелсіз Қазақстанды дамытуға атсалысыңдар».