Юрий Пя: «Адам қиындықтарды еңсере білуі тиіс »

«Қазақстанның Еңбек Ері»,  қолымен қатар жүрегі алтын кардиохирург. Атағы жер жарғанымен,  бойынан қарапайымдылық пен ізгілік сезіледі. Талай адамға өмір сыйлап, ондаған жүректі құтқарған Юрий Пя Елбасы кітапханасында болашақ әріптестерімен сыр бөлісіп, құнды кеңестерін берді. Студенттер тәжірибелі маманға кәсіби сауалдарын қойып, ота жасаудағы заманауи технологияларға асқан қызығушылық танытты.

0U3A9030

– Егер уақыт кері айналса, мен басқа жолды таңдайтын едім. Өзімді табысты адамдардың қатарына жатқызамын. Басқа салада да көпшілікке қол ұшымды созар едім. Бірақ бұл кәсіпті таңдағаныма еш өкінбеймін. 1975 жылдан бері медицина саласында тер төгіп келемін. Жыл санап мамандығыма деген сүйіспеншілігім күшеюде. ІТ технологияның арқасында кардиохирургияны жетілдірудің жаңа мүмкіндіктері ашылуда, - дейді «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ жетекшісі Юрий Пя.

Ақ халатты абзал жан, адам жанының арашашысы еліміздегі кардиохирургия саласын дамыту жолында тынымсыз еңбектенуде. Оның айтуынша, нағыз жүректі алмастыратын жасанды балама әлі де ойлап табылған жоқ. Бірақ күрделі оталар жасалып, соны технологияларға иек артылады. Жүректі ауыстыру бойынша 40 операция жүргізілген. Науқастардың арасында ересектермен қатар балалар бар.

0U3A9031

– Бастапқыда қиындық туғанда, кәсіпке қол сілтегің келеді. Бірақ олардың барлығын еңсере білу қажет. Білікті кардиохирург атану үшін қызметті жалпы хирургиядан бастау қажет. Мен кез келген сәтті ота үшін алғыс білдіремін. Біріншіден, өмірін сеніп тапсырған адамға, екіншіден, маған қолғабыс еткен әріптестеріме рахметімді айтамын. Меніңше, әрбір маман өзін шыңдап, жедел өзгеретін технологияларды меңгеруі тиіс, - дейді алтын жүректі маман.

Қолы алтын ақ халатты абзал жанға медицинаны таңдаған жастар бой түзейді. Ақжол Өтегенов үшін Гиппократ антын қабылдау балалық арманға айналған. Оралдық жас оның жетегімен медицина университетіне түскен. Білім нәрімен сусындап жүрген студент болашағын хирургиямен сабақтастырмақ.

0U3A8895

– Маған күрделі 3 ота жасалған. Алғашқысы 5 жасымда еді. Сондықтан сол кезде дәрігер болып, халыққа қызмет етуді шештім. Менің ата-анам мұғалім. Отбасында 4 баламыз. Екі үлкен ағам да медицинаны таңдады. Біреуі травматолог, екіншісі кардиохирург. Олар мен үшін үлгі. Әзірге университет қабырғасында зерттеумен айналысамын. Жүрек қан тамырларына байланысты ғылыми жұмысым байқауда 2-ші орынды иеленді, - дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенті.