Мәдени-ағартушылық ордаға айналған Елбасы кітапханасы 30-дан астам мекемемен меморандумды құптаған. Бүгін байланыс көпірі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетімен орнатылды. Мүддесі ортақ қос мекеменің басшылығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Оның аясында бірлескен ғылыми, зерттеу жобаларына жан бітпек. Кейінгі толқынды отансүйгіштікке тәрбиелеу, Елбасының сындарлы бастамалары мен идеяларын ілгерілету бағытында күш-жігер біріктіріледі.
Бүгінгі уағдаластық – ізгі жұмыстардың бастамасы ғана. Алдымызда ауқымды әрі маңызды міндеттер бір төбе. Мақсаты бір мекемелеріміз мәдени, танымдық, ғылыми-зерттеу жобаларына бірлесе кіріспек. Әскери қызметкерлер біздің қорды негізге алып, диссертацияларын жаза алады. Тәуелсіз еліміздің 25 жылда жүріп өткен жолын, Мемлекет басшысының тағылымды еңбектерін зерделеуге мүмкіндік бар, - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков.
Елбасының есімі және бір жылда құрылуымыз екі мекемені байланыстырады әрі асқан жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі меморандум - біздің тыңдаушыларымыз үшін бірегей мүмкіндік. Тек кітап және білім арқылы шыңдалуға болады. Елбасының кітапханасы – тағылым мен жаңашылдықтың ордасы. Бұл жерде тарихи мәліметтерді алып, оның құжат түріндегі дәлелдермен танысуға болады. «Әлемді өзгертетін идеялар» семинары үшін де алғыс білдіремін, - деп атап өтті меморандумға қол қою рәсімінен кейін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, генерал-майор Асхат Рыспаев.
Ықпалдастықтың алғашқы жемісі – «Әлемді өзгертетін идеялар» семинары. Тағылымды дәрістерге Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушылары қатысты. 2 жылдық магистрлік білімді нағыз отансүйгіштіктің үлгісіне айналған Қайрат Үмбетов та меңгеруде. Қарапайым қазақ жігіті қазақстандықтарды қайсарлығымен және ерлігімен тамсандырған. Полковник өмірін қатерге тігіп, сарбазын жарылған гранатадан қорғады. Жарақатынан айыққанымен, сол күннің белгісіне айналған 31 жарықшақтың 20-дан астамы денесінде қалған. Жанқиярлығын танытқан әскери қызметші үшін ұлтжандылыққа тәрбиелеу жалаң сөз емес. Оның басты кілті адалдықта дейді «Халық қаһарманы». Бүгінде батыр жігіт ұстанымға айналған қасиетті бір жарым жастағы ұлының және жас жауынгерлерінің бойына сіңіреді.
Отансүйгіштік – туған жерге деген риясыз махаббат, жан дүниеміздің ажырамас бөлшегі. Оны күнделікті іс-әрекет, жүктелген міндеттемелерді орындау арқылы білдіреміз. Әрқайсымыздың абыройлы қызметіміз еліміздің және халқымыздың игілігін арттыратыны хақ. Әскери әулетте тәрбиеленгендіктен, біліп-түйгенімді сарбаздарыма және ұлыма меңгертемін. Менің балам дүниеге келген кезде жарыммен кеңесіп, есімін ырымдап «Ұлттық ұланның» құрметіне орай «Ұлан» деп қойдым, - деп түйді «Халық қаһарманы» Қайрат Үмбетов.
Әріптесінің пікірін подполковник Қуандық Байбосынов та қостайды.Патриотизмнің ауқымы кең. Оны әрбір адам өзінше түсінеді. Анығы бір – туған жердің мүддесін жоғары қою. Отансүйгіштікке тәрбиелеу жүйелі жұмысты талап етеді. Оның кезеңмен жүзеге асыру қажет: отбасында, кейін балабақшада, мектепте, жоғары оқу орнында. Елбасы кітапханасындағы дәрістер де оның бір парасы, - деп өзінің пікірімен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы бөлісті.



