«ЯДРОСЫЗ ӘЛЕМ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҺАНДЫҚ МИССИЯСЫ» КӨРМЕСІ

1992 жылғы 23 мамырда Қазақстан Беларусь пен Украинамен бірге КСРО мен АҚШ арасындағы Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу туралы 1991 жылғы келісімшартқа (СШҚК) Лиссабон хаттамасын толтырып, ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау шартына (ЯҚТШ) қол қойды.

Бұл шешім Елбасының 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығына сәйкес Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін ядросыз әлем жолындағы Қазақстанның екінші маңызды қадамы болды.

Биыл тарихи оқиғаның орын алғанына 30 жыл толады. Бұл уақыттың ішінде Тұңғыш Президенттің көреген саясаты арқасында Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыс жетекшілерінің біріне айналды.

Еліміздің бастамалары қатарында Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу; 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау; халықаралық «АТОМ» (Abolish Testing. Our Mission) жобасы; толық және жалпы ядролық қарусыздануға шақыру, 2045 жылға қарай (БҰҰ-ның 100 жылдығында) ядролық қарудан азат әлем құру; «Әлем. ХХІ ғасыр» атты Елбасының манифесі бар.

Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Н.Ә. Назарбаевтың жеке кітапханасы негізінде «Ядросыз әлем. Қазақстанның жаһандық миссиясы» виртуалды кітап көрмесін ұсынады.

Көрмеге қазақ және орыс тілдеріндегі 42 басылым, кітапхана мұрағатының материалдары мен әдебиеттердің библиографиялық тізімі қойылады.

Көрме материалдарымен мекемеміздің ресми сайтында танысуға болады:

https://presidentlibrary.kz/kk/content/exhibitions/virtual