«Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» көшпелі ғылыми-экспозициялық жобасының аясында бүгін
Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов «Soka Gakkai International» ұйымының басшылығымен кездесті.
Жер шарын бейбітшілік пен бақыттың мекеніне айналдыруды көздейтін ұйымның халықаралық қозғалысын қазіргі уақытта 100-ден астам мемлекеттің 12 миллион азаматы қолдап отыр.
Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов мекеменің миссиясы мен қызметін, сондай-ақ кеше Токио қү ЮҰҰ университетінде ашылған «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» ғылыми-экспозициялық жобасының мазмұны мен мәнін түсіндірді.
– Елбасы кітапханасының қор көрмесі мен халықаралық конференциясы ядролық қаруды жоюдағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлінен сыр шертеді. Жапония мен Қазақстан ядролық қарудан зардап шеккен санаулы ұлттардың қатарында. Сондықтан да, бейбіт өмірді құру үшін тығыз байланыстың арқасында ядролық қарудан әлемді азат етуіміз керек, - деді ол.
«Soka Gakkai International» өкілдері қарусыз әлем құруда қандай міндеттерге сүйенетінін айтып, дінаралық қарым-қатынас пен мемлекетаралық серіктестікті дамытуда нені көздейтінін түсіндірді.
– Елбасы кітапханасының жобасы – қос мемлекет үшін маңызды іс-шара. Осы тұста аталмыш мекеменің маңызды миссияны атқарып жатқанына сенімдіміз. Қазақстан мен Жапонияның арасы алыс болғанымен, міндеті де, мүддесі де бір болып отыр. Семей ядролық полигонының жабылуы бұл сөзді дәйектеді. Бастаманың негізін қалаған Қазақстанның тұңғыш президенті аман-сау ұрпақтың, адамзат өмірінің келешегіне үлкен үлес қосқаны сөзсіз, - «Soka Gakkai International» вице-президенті Хиромаса Икеда.
Кездесу барысында екі елдің ынтымақтастығын ілгері дамытудың бағыттары ортаға салынды. Ағымдағы жылдың қазан айында Елбасы кітапханасында жапон көрмелерін ұйымдастыру мәселесі де талқыланды.




