Үстіміздегі жылдың 4 қазанда халықаралық ынтымақтастық пен біліктілікті жоғарылату аясында Елбасы кітапханасы қызметкерлері «Жаһандану және Қазақстанның ұлттық мәдениеті» тақырыбы бойынша қысқамерзімді біліктілікті жоғарылату курсына қатысты.

– «Қазіргі кезеңдегі Қазақстан» ғылыми жобасын жалғастыра отырып, кешегі Елбасы кітапханасы музейінде өткен «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» жұмысына қатысқан венгерлік ғалым Михай Фрешлидің дәрісін тыңдаймыз. Қазақстанның ұлттық мәдениетін жаһанданудың қазіргі үдерісі контексінде дамыту– бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі екенін айта келе, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова дәріскерді таныстырды.

Курстың авторы – Михай Фрешли PhD докторы, Славян мәдениет аралық ғылыми-зерттеу тобының жетекшісі, Батыс-Венгрия университетін дамыту бойынша стратегиялық сарапшы, Венгрия ғылым Академиясының мүшесі. Мәдениет аралық коммуникация саласының танымал халықаралық сарапшысы М. Фрешли жаһандану дәуіріндегі ұлттық мәдениеттің талдануы мен интеграциялануы, сақталуы және дамуының негізгі аспектілері туралы баяндады.
– Мен ұлттық мәдениетті – белгілі бір халықтың аса маңызды қасиеттерінің бірі деп ойлаймын. Оны сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізу біздің басты борышымыз. Тағы бір айтарым, елдер арасындағы, мысалы, қазақ пен венгр халқын жақындастыратын ұқсастықтарды іздеп, зерттеуіміз қажет. Біздің бауырлас халық екендігімізге тарихи дәлелдер бар. Әрине, бұл ертеректе болғанымен, мәдени жақындастығымыз бүгінгі күнге дейін үзілмеген.

Дәріс соңында сарапшы тыңдаушылардың сұрағына зор ықыласпен жауап берді. «Қазақстан» сөзіне қандай ой туындайды деген сұраққа «достық», «туысқан-бауырластық», «дәмді тағам», «жылқы», «қауіпсіздік» деген М. Фрешлидің жауаптары өте жағымды естілді.
Сөз соңында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Б. Қайыпова қонаққа алғысын білдіре отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық ерекшелік, рухани құндылықты сақтамай, рухани жаңғыру болмайтынын атап өткеніндей бүгінгі дәрістің танымды әрі маңызды екенін айтты.
«Жаһандану және Қазақстанның ұлттық мәдениеті» тренинг курсының тыңдаушылары қатысқандығы туралы сертификаттар алды.
