ВЕБИНАР ҚАТЫСУШЫЛАРЫ ЖАҢА БІЛІММЕН СУСЫНДАДЫ

Елбасы кітапханасы қоғаммен байланыс орнату жолында өзара қатынастың жаңа форматын жұмысқа жүйелі енгізуде. Қазіргі таңда виртуалды кеңістікте «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты екі күндік тегін оқыту семинар-тренингтері өтуде. Бүгінгі тыңдаушылар Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының оқушылары болды. Жасөспірімдер Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің қызметкерлері әзірлеген дәрістерден көптеген қызықты мағлұматтар алды.

Әмір Ағзамов Петропавл қаласының дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында оқиды. Ол алғаш рет «Болашаққа жол өзіңнен басталады» вебинарына қатысты. Әмір Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратын көру үшін астанаға келгісі келетінін мойындайды. Алайда онлайн форматқа қарамастан, вебинар барысында дәріскердің нақты фактілермен сипаттап, көркемдеп түсіндіруінің арқасында мол ақпарат алғанын атап өтті.  

– Бұл біздің елімізде осы жылдар бойы жүзеге асырылып келе жатқан саясат туралы көбірек білуге жақсы мүмкіндік болды. Елбасы музейі тарихи жәдігерлерге бай және соларға қарап Қазақстан тәуелсіздігінің тарихын зерттеуге болады. Бүгін бізге Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты туралы айтылды. «Ұлы даланың жеті қыры» туралы білдім. Өте қызықты және пайдалы болды, әсіресе жобалық жұмыс қатты ұнады, бұл өзін-өзі жетілдіру мүмкіндігі. Вебинар ұйымдастырушыларына алғысым шексіз, - деді Әмір.

Елбасы кітапханасының екі күндік әдістемелік семинарлары тәжірибе түрінде 2015 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Оқудың мақсаты – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бағдарламалары мен бастамаларын түсіндіріп тарату. Бірқатар дәрістердің негізін Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» бағдарламасы құрайды. Оқу курстарында тыңдаушылар, оқушылар, студенттер, әскери және мемлекеттік қызметшілер – елдің қандай да бір бағдарламалық құжатын жасаудың алғышарттары, мемлекеттің даму барысы, оның жетістіктері мен жоспарлары туралы толық ақпарат алады. Вебинарлар өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды бекітіп, елге және оның тарихына деген сүйіспеншілікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, карантин режимі кезінде Елбасы кітапханасы виртуалды кеңістікте көрмелер, экскурсиялық турлар, сондай-ақ онлайн-байқаулар, ғылыми конференциялар мен дәрістер ұйымдастырады. Бұл туралы барлық қажетті ақпаратты Елбасы кітапханасының ресми сайтынан https://presidentlibrary.kz табуға болады.