«ҰМАЙ БЕСІК ЖЫРЫ» КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫ ӨТЕДІ

2021 жылдың 1 қазанында сағат 17.00-де Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында (Бөкейхан көшесі, 1А) суретші Динара Қадырованың «Ұмай бесік жыры» жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.

Көрме Елбасы кітапханасының елдің ұлттық кодын қалыптастыратын өзіндік авторлардың шығармашылығын көрсетуге бағытталған «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Іс-шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған.

Автордың шығармашылығының шабыт көзі мен негізгі тақырыбы – әйел әлемі, ана мен бала, қазақтың дәстүрлі және түркі мәдениеті. Жеке көрмесінің тақырыбын әйелдер мен балалардың жебеушісі Ұмайға арнап «Ұмай бесік жыры» деп атаған. Суретшіні қоршаған орта мәселелері, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны сақтауға және қорғауға байланысты жаһандық өзгерістер алаңдатады. Ол өз шығармаларында да осы тақырыптарды көрсете білген.

 «Ұмай бесік жыры» көрмесі – Динара Қадырованың алғашқы жеке көрмесі, мұнда автордың сегіз жылдан бері жиналған үздік жұмыстары көпшілік назарына ұсынылады.

БАҚ өкілдері аккредитациядан өтуі тиіс.

Оған қажетті мәліметті 01.10.21 күнгі сағ. 11.00-ге дейін presidentlibrary.pr.kz@gmail.com электрондық поштасына жіберген жөн.

Байланыс нөмірлері: + 7 (7172) 69-30-56, 69-30-57.

 

 

Автор туралы ақпарат: Динара Қадырова Алматы қаласында туып-өскен. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының көркемсурет мектебі мен колледжінде, кейін академияда білім алған. Оның жұмыстары ЮНЕСКО-ның жинақтарында жарияланған. Дарынды студент ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевпен жүздескен. 2012 жылы жас суретші орындаған қалалық кафенің дизайн жобасы Time out сыйлығының «Жыл жаңалығы» номинациясын иемденген. Д.Қадырованың Ұлы Жібек жолы қалаларына арналған графикалық жұмыстарының дипломдық сериясы Тұңғыш Президент күніне арналған «Астана-2013 Дизайн апталығы» фестивалінде қойылды. Сурет әлеміне ден қойған автор фотоөнер бойынша көптеген байқаулар мен көрмелерге қатысқан.

Д.Қадырованың жұмыстары еліміз бен шетелдегі жеке топтамаларда сақталған.