Әлеуметтік қайшылықтар мен саяси дүрбелең үстінде өткен ХХ ғасыр ғаламдық жойқын соғыстарымен де адамзат тарихында қаралы беттерін қалдырды. Екінші дүниежүзілік соғыстың өзі-ақ қаншама халықты қайғы-қасіретке душар етті, оған оның қиындықтары мен зардаптарын бастан кешкен еліміздің тарихы куә. Сол соғысты қан майданда басынан өткергендер де, солардың тілеуін тілеп, тылдағы бар ауыртпалықты иығымен көтергендер де, соғыста ата – анасынан айырылып, жетілгенше жетімдік тауқыметін тартып өскендер өмірі дәлел.
Тәуелсіз Қазақстандағы бүгінгі бейбітшілік, бірлігі жарасқан татулығымыз бен баянды еңбегіміз халқымыздың зерделі тағлым салтанатын білдіреді. Ендігі мақсат қиындықпен қол жеткізген дүниелерімізді сақтап, табыстау келер ұрпақ алдындағы парызымыз. Жер жүзінде дүркіреп Жеңіс күніне арналған сан алуан шаралар өтті. Алайда соғыстың сабақтарына қайыра оралып, алатын тағлымдарымыз бар. Өткен тарихтың қаралы парағын тағы бір мәрте зерделеу болашақ жарқын тарихымыздың кепілі болмақ.Терең ой елегінен өткен сындарлы жылдар тағлымы елдігімізді бекемдейтіні сөзсіз. Тарихтың қайтпас қойнауына кеткен Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде Қазақстан бұл соғыс жылдары өзінің экономикалық әлеуетімен де, адами күшімен де адамзаттың ортақ жауы фашизмді жеңуге зор үлес қосқаны баршамызға мәлім.
«Жеңіс күні – Ұлы мереке. Әкелеріміз бен аталарымыздың арқасында біз бүгін бейбіт аспан астында өмір сүрудеміз, қуатты мемлекет құрып, болашаққа сеніммен қарап отырмыз. ...Бағалап, құрметтей отырып, олардан ерлік, еңбексүйгіштік және бірлікке бекемдікті үйренген жөн» - деген ұлағатты сөздерді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бекер айтқан жоқ. Мемлекет басшысының терең мағыналы ойлары қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы ардагерлері, сол сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлеріміздің рухы және майдан үшін ерен еңбек еткен отандастарымыз алдында ұрпақтық парызымызды парасаттылықпен өтеуге шақырады. Бүгінгі күні ортамыздағы ардагерлердің тек жауынгерлік ерлігі ғана емес, олардың өмірлік өнегесі де қымбат екенін уақыт өткен сайын жете түсінудеміз. Достық, ерлік және бауырластық тәрізді ұлағатты ұғымдарды ардагерлеріміз бейбіт өмір қағидасына айналдырды. Жаңа дәстүр дәнегін жас ұрпаққа сіңдірді.
Қазақстандықтардың бұл соғыстағы жеңістің қандайлық құрбандықпен және ауыр еңбекпен келгенін түсінуін осы дәстүр жалғастығымен байланыстырамыз. Жер мен елді қорғау халқымыздың санасында бірінші санатта тұрған қордалы қасиетіміз болғаны тарихта талай мәрте дәлелденген ұлттық құбылыс. Сондықтан қанша жыл өтсе де халық жадында бұл жеңіс мәңгілік ұмытылмайтын жеңіс деп білеміз және оның тарихи тағлымы бүгінгі ұрпақ – біздер үшін өте қымбат.
Халқымыздың басынан өткен кешегі жаһандық соғыстың тәжірибесі түсінген жанға жеткілікті ой салады. Уақыт алыстаған сайын бұл соғыстың ұлттық қасіреті айқын сезіле түсуде. Соғыс қарсаңында Қазақстанда 6,2 млн. астам халық тұрған. Оның үштен бірі қан майданға алынған. Соның ішінде 18 бен 50-жасқа дейінгілер 70-пайызын құраған. Соғыс зардаптары біздің ел үшін орасан зор болды. Біріншіден, бейбіт өмірде нағыз өнімді еңбек ететін жастағы адами ресурстарымыздан, ал екіншіден, халқымыздың демографиялық өсіміне өте елеулі үлес қосатын азаматтардан айырылдық. Ең үлкен жоғалтқан дүниеміз ұлттың зияткерліктің қарқының тағы да жоғалтып алдық. Бұл санаттағы қарқынға тек 70-жылдардың орта тұсынан бастап қана қайыра іліге бастадық.
Адами тұрғыда соғыс ауыртпашылығы өлшеусіз қымбатқа түсті. Қаншама отбасы ер азаматсыз қалып, тұрмыс тауқыметін тартты. Аналарымыз жастай жесір қалды, бала әкесіз өсті. Тұтастай әулеттің ер азаматтары соғыстан қайтпай қалды. Әкесі мен шешесі баласынан, атасы мен әжесі немересінен,туғанда аға-інісінен, әпкесі мен қарындасынан айрылды. Соғыстың «қара қағаз» бен «хабар-ошарсыз жоғалды» деген суық сөзді хабарын естігендер қайғыға берілмей, елі мен ағайын-туыс және ұрпағы үшін ыстыққа күйді, суыққа тоңды. Бірақ адам шыдағысыз қиындыққа шыдады. Осының бәрі ата-бабаларымыздың тағылымы мен тәжірибесі, азаттық пен бостандыққа деген халықтық құштарлықтан туындады. Өзін-өзі жұбатты, жігерін қайрады, соған қарамастан елдесі мен ағайын-туысына қуат берер жылы сөзбен жұбатау айтты. Тарихтың талай тезінен өткен халықтың өршіл рухты ұрпағына тән мінез көрсетті. Біз елдеміз, олар қан майданда ғой деп тілеу тіледі. Ортамызда қалған ардагерлерімізге деген құрметтің соншалықты ыстық болатыны да сол соғыстың кезінде-ақ басталған халықтық тілеуден өрбіген қасиет. Соғыс ардагерлеріне деген ерекше қамқорлықтың қоғам мен мемлекет тарапынан үздіксіз көрсетілуі соның дәлелі.
20-ғасырдың соңында өміріміздің барлық өрістерінде орын алған әлемдік өзгерістердің нәтижесі өткен соғыс тарихына да жаңаша көзқарас қалыптастыра бастады. Бұрынғы КСРО кеңістігінде қаралуы мүмкін емес шетелдік тарихнамалық мектептердің туындыларымен танысудың реті туды. Соғыс куәгерлерінің, майдан алаңының екі жағында болғандардың солдатынан бастап генералдарына дейін жазған естелік-мемуарлар оқылды. Соғыстың «ақтаңдақ» беттері екіжақты ашылып, ашық пікірлер айтылды. «Тарихнамалық танысу» дәйекті пікірлермен қатар жаңсақ ойларды қатар өрбітті. Бұл соғыстағы Жеңістің ауылын кім жақындатты, кім қаншалықты үлес қосты деген таласты пікірлер әуені осылар. Жуық арада бітетін емес. Ортақ шынайы тарихи ұстанымға келер жол уақыт еншісіндегі дүние екені белгілі. Біздің ұстаным тарихи шындық қана болып қала береді. Ізгілікке негізделген көзқарас қана адамзатты соғыс қасіретінен тағлым алдыртады және соғыстан ада ететіні ақиқат.
Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесі мен Жеңістің маңызын жоққа шығарғысы келетіндер бар. Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың басымдық өлшемі де осы соғыстың нәтижесімен бағалану үдерісі және бар. Ал мұндай жайттар қай ел болса да үлкен-кішісінің санасын күдік салып, соғысқа қатысқандардың намысына тиетін әрекеттерге итермелеуде. Бұл, бірінші кезекте, кәсіби зерттеушілерден, екінші кезекте тарихи тақырыптарға оңды-солды қалам тартып, мәселенің байыбына жете бармай, жекелеген фактілер төңірегінде даурықпа асығыс тұжырым жасап жүрген әуесқойлардан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл жай жауапкершілік емес, кешегі қан майданнан қайтпай қалғандар рухы алдыңдағы, бүгінгі адамзат алдындағы азаматтық жауапкершілік болуы керек. Дербес тұрғыда өзін өркениетті әлемнің зайырлы мемлекетімін деп санайтын елдердің ортақ әлемдік тарихқа деген жауапкершілігінің сарабдал саясатқа негізделген идеологиясы мен ұстанымын білдіреді.
Қоғам болғаннан кейін кім үшін, не үшін соғыстық, не берді деген сұрақтар соғысқа қатысқан елдерде әлсін-әлсін қылаң беруде. Жеңімпаз елдер ішінде мемлекеттік тұрғыда жеңісті саяси-идеологиялық арнада тым әсірелендіру, өзінің белгілі бір көздеген мақсатына қарай икемдеу тұрақты сипатқа ие болуда. Майдандағы барлық шайқастардың өзіндік маңызы бар екені талассыз дүние. Бірақ, бір сәттік саяси ойын немесе имидж үшін кейбір шайқастарды керемет деңгейге көтеріп бағалауға, ерекше мәртебе беруге жол берілуде. Ал, шын мәнісінде әлемдік тарих тұрғысында шешуші рөл атқарған шайқастарды саяси мақсатпен тұқыртып, майдандағы өткінші шайқас жағдайында қарастыру да бар. Соғыс тарихын бөлшектеп қарастыру нәтижесі бұрмалауға, жекелеген деректер негізінде жалаң тарихқа бой ұрындыруда. Бір жақтың тарихы толық айтылмай, қарабайыр тұрғыда баяндалса, ал екінші жақтың тарихы, керісінше екілене айтылуда. Тіпті барлық мәселені шешетін соғыс деген ұғымды насихаттауға дейін баруда. Бұл жайт азаматтық қоғамды пікір таласқа емес, керісінше ойландырып, ортақ мәмілеге жетелеуі тиіс.
Осының бәріне бұлтартпас жауап біреу, біздің отандастарымыз фашизм індетіне қарсы адамзат болашағы үшін соғысты. Ұлттық-мемлекеттілік тұрғыдан алсақ, ата-бабадан келе жатқан дәстүр жалғастығын берік ұстандық. Тарихтың әрқилы кезеңдерінде халқымыздың жер мен елді қорғауды өмірлік басты қағида етіп ұстанғанын тағы бір мәрте осы жаһандық соғыста көрсеттік. Ерліктің қаһармандық үлгісін тағдыршешті шайқастар мен жанқиярлық еңбек майданында көрсеттік. Оны тәуелсіздік алғаннан бері бүкіл әлемге барынша паш етудеміз. Соғыс майданындағы қазақстандықтардың жауынгерінен бастап дивизиясына дейін қалай соғысқаны туралы әлі де айтатын жайттар бар. Оны, 21-ғасыр басталғалы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеушілер дәйекті естеліктер мен деректі мұрағат құжаттары негізінде біртіндеп жазуда. Оған төл зерттеушілеріміз де белсенді атсалысуда.
Мемлекетаралық ғылыми-ізденісті байланыстар ғана бұл соғыстағы әрбір халық пен мемлекеттің нақты тарихи орнын көрсетіп беретіні ақиқат дүние. Ең басты қағидалық ұстаным біреу-ақ, ол - соғысқа қатысушылар бүкіл өркениетті әлемді адамзаттың қас жауы фашизмнен қорғады және соған қарсы күресті. Тарихи факт, соғыс жылдары ешбір идеологиялық ымыраға келмейтін КСРО мен АҚШ бастаған елдер антигитлерлік одаққа бірікті. Ортақ жауға қарсы біріге соғысып, жеңіп шықты. Бұл соғыстың тағлымдары да осы контекстен өрбуі шарт.
Бүгінгі күні әлемнің бірсыпыра елдерінде Одақтастар әскері (АҚШ мен Англия бірінші кезекте) соғыстың тағырын шешті деген пікір қалыптасқан. Мәселен, Батыс Европа елдерінде жүргізілген әлеуметтік сұраныс нәтижесі бойынша 60 пайызы осы пікірді қостаған. Өкінішке орай, бұл жағдайға қатысты жоғарыдағыдай тұжырым жылдан-жылға белең алуда.
Біз дүниежүзіне тарихы көнеден келе жатқан өркениетті түркі әлемінің мұрагері – қазақ ұлты мен мемлекетінің (сол кезде кеңестік сипатта болса да) адамзаттық құндылықтар үшін әлемдік қауымдастықпен үндес, әрі бірге әрекет етуге даяр екендігімізді іс жүзінде таныттық. Екінші дүниежүзілік соғысқа байланысты кеңестік идеологияның қақпалаған қыспағынан айтылмаған, көрсетілмеген және ысырылып қалған ақиқат шындықпен өрілген отандық тарихымыз бен әділ көзқарасымыз бар екенін айтуға тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізудеміз. Ұлы Отан соғысын қаншалықты қасіретті болса да біздің халқымыздың барлық буын өкілдерінің биік рухын, ерен ерлігі мен батырлығын бүкіл әлемге танытқан соғыс деп түсінеміз. Ұлы Жеңістің тарихи маңызы тәуелсіз ел болуға мығым қадам жасаған отансүйгіштіктен деп білеміз.
Біздің ізденістеріміз бен іс-шараларымыз және жетістіктеріміз мемлекеттік идеологиямызға, халқымызды туысқандық пен достық аясында біріктіруге, әсіресе ел қорғаушылары - жас ұрпақты патриоттық пен ерлік рухында тәрбиелеу мақсатына да сай атқарылуда. Бүгінде біздің азаматтық парызымыз өткен тарихқа, оның қаһармандарына және сол тарихтың жасампаз куәгерлеріне тағзым етіп, құрметтеу және тағлым алу. Ал міндетіміз – болашақтың тірегі өскелең ұрпақты Отанын сүюге, елі мен жерінің адал азаматы болуға тәрбиелеу. Ең бастысы қол жеткізген тәуелсіздікті сақтау және қорғау болмақ.
Әбдікәрімов Марат Орынтайұлы, Сайлаубай Ерлан Ерназарұлы
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы қызметкерлері