2019 жылғы 23 қаңтарда Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласына арналған «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында сабақ өтті. Іс-шара «Туған жер» бағдарламасы бойынша Елбасы кітапханасы мен Астана қаласы Білім басқармасының бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылды.

Сабақ барысында оқушылар мақаланың негізгі бағыттары бойынша сөз сөйлеп қана қоймай, ұлттық тарихқа қатысты пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, Қазақстанның ежелгі тарихының заманауи инновациялық жобалар қырынан көрсетілуі ерекше болды.
Ұлы Жібек жолына арналған тақырыпта ежелгі мемлекеттер мен өркениеттер арасындағы транзиттік дәліздің тарихи рөлі мен маңыздылығы қозғалды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Бір белдеу, бір жол» жобалары да белсенді талқыланды. «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» тақырыбында отандық заманауи бақша егу мен гүл өсіру шаруашылығын дамыту бойынша тың ұсыныстар айтылды. Сақ тайпасының аң стилі туралы баяндама ұсынылып, жастар оның бүгінгі мәдениетке, оның ішінде елордамыздың сәулетіне деген ықпалын ортаға салды.

№27 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі Әсел Бимықованың айтуынша сабақтың басты мақсаты - жасөспірімдерді Мемлекет басшысының мақаласымен таныстыру:
– Елбасы өзінің мақаласында ұлт тарихына деген жаңаша көзқарасын ұсынды. Бұл мақала дүниежүзі тарихындағы Ұлы даланың рөлі туралы кез келген адамды ойландырады. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, ұлтының мәдениеті мен тарихын жастайынан құрметтеуді қалыптастырады. Аталған мақала тәрбие жұмысы негіздерінің бірі болып табылады. Осы тұста «Туған жер» бағдарламасына жан-жақты қолдау көрсеткен Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне зор алғысымызды білдіргім келеді, - деді ол.

– Мен «Түркі әлемінің бесігі» тақырыбында сөз сөйледім. Меніңше, өзін елінің азаматымын деп есептейтін әрбір қазақстандық Отананың тарихын біліп, қадірлеуі тиіс. Бабаларымыз қалдырған құнды мұраны осылай ғана сақтап қаламыз, - деді №27 мектеп-лицейі оқушысы Ілияс Рахметов.
