Екі жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Қазақ халқы шексіз дала мен асқақ таулардың үстінен қалықтап ұшқан қыран құстың көзімен өткенге зер салып, көшпенділер тарихындағы өзінің орнын ерекше терең сезінді.
Жеті – қасиетті сан. Адам рухани тамырымен берік. Ғасырлар бойы қалыптасқан жеті ата дәстүрін мұқият сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізгенді бабалар рухы қолдайды. Бұл – қазақ халқына тән тұрмыстың бірегей генетикалық бағдарламасы.
Ұлы даланың өткені мен бүгінін идеологиялық тұрғыдан шоғырландыруда, Қазақстанның түркі әлемі мен жаһандық өркениеттің дамуына қосқан тарихи үлесін түсінуде, қоғамдық сананы қазақ халқының ұлттық құндылықтарымен бірге жаңғырту мәселесін ұғынуда Н.Ә.Назарбаевтың мақаласы айрықша мазмұнды. Оның негізгі тұжырымы еліміздің мәдени мұрасын жаңғыртудың логикалық тізбегіне органикалық түрде еніп отыр.
Кез келген ұлт өзінің прогрессивті және рухани-адамгершілік әлеуетінің арқасында өркендеп, жаһандық өркениетке үлес қосады. Мақала – ел тарихының дәнекері. Ол бүгінгі және ертеңгі мемлекет игілігі үшін ұлттық кодты сақтап, ілгері нығайтуды көздейді.
Бағдарламалық мақаланың негізінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев даламызға сырттан әкелінбеген, керісінше кең-байтақ өлкемізде пайда болған мәдени қазыналарға қатысты орынды ой түйеді. Қазақ халқының тарихы көшпенділердің өткен өмірінен сыр шертіп қана қоймай, елдің өркениетті дамуынының мән-мақсатын аңғаруда білімнің қайнар көзі болып келеді. Мақала ғылыми қауымдастықтың қызығушылығын оятып, қазақ халқының тарихи миссиясына іргелі зерттеулер жүргізуге шабыттандырғаны сөзсіз.
Бүгінде Ұлы дала ғалам тарихының алдында өз мақтанышын жасырмайды: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді».
Н.Ә.Назарбаев қазақ халқының алғашқы жеті құндылығын атап, олардың әрқайсысы «ұлы технологиялық революцияның жемісін» әкелгенін нұсқады. Бұл қатарда жылқы шаруашылығы және салт аттылар мәдениеті, металлургия, Ұлы жібек жолы құбылысы, «аң стилі», «алтын адам», түркі әлемінің бесігі - Алтай, Қазақстан - алма мен қызғалдақтың отаны бар.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дала өркениетінің тарихи ерекшеліктерін ескере отырып, тәуелсіз Қазақстанның прогрессивті дамуының заманауи моделін ұсынды. Еліміздің тарихи мұрасын жаңғыртудың түбегейлі әрі тиімді қадамы ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Архив-2025» және «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» сияқты ауқымды жобаларды іске қосу бастамасын көтерді. Қазақстандық жастардың ғылыми-зерттеу экспедицияларының ауқымды тарихи-археологиялық бағыттары «Рухани жағыру» бағдарламасының заңды жалғасына айналды.
Ежелгі көшпенділер елі дала халқының мемлекеттілігін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан көптеген тарихи тұлғаларымен белгілі. Ұлы дала ұлы ойшылдары Әбу Насыр әл-Фараби мен Қожа Ахмет Яссауидің, көрнекті қайраткерлер Тәуке, Абылай, Күлтегін, Бейбарыс, Керей мен Жәнібектің және көптеген атақты батырлардың есімдері егемен Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылды.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту парк-энциклопедиясының ашылуы және «Ұлы дала тұлғалары» ғылыми-көпшілік сериясын құру - егемен Қазақстанның тарихи мұрасын сақтау және «өткен заманның ұлы ойшылдары, ақындары мен билеушілерінің бейнелерінен галерея қалыптастыруда» ең жақсы жобалардың бірі.
Ежелгі қазақ даласының ұлы ұлдары - Абай, Жамбыл Жабай, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы және басқа да дала мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің әлемдік өркениетті дамытудағы рөлін әлемдік қауымдастық мойындады.
Бағдарламалық мақала Қазақстандағы мәдени туризмді жедел дамыту қажеттілігін өзектендірді. Көшпенділер даласының тарихи фактілерін кеңінен насихаттау жөніндегі ауқымды ақпараттық жұмыс үшін түбегейлі маңызды екендігі сөзсіз: «Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек.
Аталған жобалар кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс».
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи мақаласында көрсетілген еліміздің ғасырлар бойғы мұраларын жаңғырту мен көбейтуге арналған ауқымды жобалар буыны дала өркениетінің ең бай мәдени қорына баға жетпес үлес қосатыны сөзсіз.
Құдіретті қыран құстың биіктігінен ұрпағымыз Ұлы даланың тарихын мақтан тұтып, жадында ұстайтын болмақ.
