«ҰЛЫ ДАЛА ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІ: ЖАҢАША ОЙ МЕН ТЫҢ КӨЗҚАРАС» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОНЛАЙН-КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Бүгін Елбасы кітапханасында «Ұлы дала және Қазақ мемлекеттілігі: жаңаша ой мен тың көзқарас» халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы және ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты ұйымдастырды.

  

Конференцияға отандық және шетелдік тарихшы ғалымдар, ЖОО оқытушылары, докторанттары мен магистранттары қатысты.

Іс-шара барысында белгілі тарихшы, профессор Бүркітбай Аяғанның «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда мемлекеті тарихы» атты қос тілді дәрістер жинағының тұсауы кесілді. Қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген басылымның тың әрі қонымды деректері қазақ мемлекеттілігінің тарихынан сыр шертеді.

Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты Бақытжан Темірболат алғысөзінде былай деді: «Тарих тұрғысынан 30 жыл – азғантай ғана мерзім. Алайда соңғы үш ғасырда саяси, әлеуметтік-мәдени қысымда өмір сүрген Қазақстан үшін 30 жыл ұлттық идеяны жанғыртудың, тәуелсіз мемлекетті тұрғызудың межесіне айналды. Негізін 1990 жылдары Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев салған жауапты істі бүгін Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев қисынмен жалғастырып келеді.

Отарлық кезең мен кеңес дәуірі тұсында ұлтымыздың тарихы зерттелмей, шежіреміздің ұмытылғаны рас. Қазақ халқының тарихын алғаш зерттеуге бел буған Ермахан Бекмаханов, Бекежан Сүлейменов сынды білікті мамандарымыздың ізденістері қуғын-сүргінмен аяқталып жатты. Түп тамырымыз бен өткен күннің оқиғаларын ашық зерттеуге тәуелсіздік қана мүмкіндік берді. «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» деген Елбасымыз да өткенін жақсы білмейтін адамның болашаққа нық қадам баса алмайтынын нұсқады.

Идеологияның өзегі ретінде ұлт тарихы жан-жақты терең зерттелуі тиіс. Осы тұста ұрпаққа аманат етілген мемлекеттің өткенін зерделеп, Ұлы дала зиялыларының өмірі мен мұрасын насихаттау – біздің азаматтық әрі адамзаттық борышымыз».

Пленарлық отырыста Ш.Ш.Уәлих

– Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Ұлы даланың жетістіктерін, тарихын, мәдениетін зерттеуге арналған Елбасы кітапханасының іс-шараларына белсене қатысады. Президентіміз Қ.К. Тоқаев өз мақаласында тарихи мәселелерге тоқталып,  ежелден бүгінге дейінгі аралықта ұлт тарихын зерттейтін көп томды академиялық басылымдар шығаруды тапсырды. Елбасы кітапханасында өткізіліп жатқан конференцияның мазмұны университетімізде ұйымдастырылатын іс-шаралармен идеологиялық тұрғыдан егіз. Сондықтан да жұмыстарыңызға толағай табыстарды қуана тілейміз, - деп атап өтті З.Қабылдинов.

– Шетелдік ғалымдар мен отандық әріптестерге боямасы жоқ тарихты жұмыла кіріскен күштің көмегімен ғана тиімді жаңғыртуға болатынын айтқым келеді. Еуразия төңірегінде пайда болған Ұлық Ұлыс мемлекеттері – әлем өркениетінің ажырамас бөлігі. Осы тұста Ұлық Ұлыс тарихын зерттеуге салынған тыйымдардың ғылыми дәйектемесі жоқ. Осы күнге дейін оның тарихына біраз ғалым ізденіс жүргізді. Десе де Алтын орданы зерттейтін тарихшы, этнолог, археолог, саясаттанушы, әлеуметтанушы, лингвист мамандарды жүйелі ізденіс жүргізуде біраз жұмыс күтіп тұр, - деп Б.Аяған дәрістер жинағын дайындауда қолдау көрсеткен жандарға алғыс білдірді.

Сондай-ақ Висконсин университетінің  құрметті профессоры Юлай Шамильоглу (АҚШ), Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашұлы, Түркі әлемі институтының директоры, Саясаттану факультеті Халықаралық қатынастар бөлімінің қауымдастырылған профессоры (доцент) Мерием Хаким (Түркия), ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаев, Ресей ІІМ Уфа заң институты Мемлекет және құқық тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры, Башқұртстан мемлекеттік университетінің Ресей тарихы, деректану және тарихнама кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Роза Буканова (РФ, Уфа), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Жақсылық Сәбитов, т.б. да баяндама оқыды.

– Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері – түркі елдеріне ортақ зор мақтаныш. ХХ ғасырда қазақ елінің егемендігін қалаған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» үндеуі жаһан жұртшылығын, оның ішінде түркі халықтарының тарихын, саясатын, өткені мен келешегін зерттейтін қауымды қанаттандырды. Осы тұста Ұлы дала өркениетінің көп қырлы, ауқымды, терең екенін мойындамай кету қиын, - деді М.Хаким.