«ҰЛЫ ДАЛА ТАРЛАНДАРЫ» ЖОБАСЫ. БАТЫР АМАНТАЙ БАЙЖАНОВ

Осы жылдың ақпан айында әлеуметтік желілерде көпшілікті тәнті еткен бейнеролик тарады. Бұл кадрларда қостанайлық полиция қызметкері тасжолдағы көлік жүргізушілерін қар құрсауынан құтқарып, қалаға апарар жолды көрсеткен болатын. Тәртіп сақшысының батырлық әрекеті көрініс тапқан бейне ондаған оң пікірлер жинады.

Бұл роликтің кейіпкері – Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Ершовка ауылының тумасы Амантай Байжанов. 1999 жылы отбасы Қостанайға қоныс аударады, сол жылы Амантай №5 орта мектебінде 9 сыныпты аяқтағаннан кейін Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжіне оқуға түседі, 2011 жылы құқықтану факультетін бітіреді. Әскери қызметтен өтіп, құқық қорғау органдары жүйесінде – алдымен Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында, содан кейін 2020 жылдан бастап Қостанай қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында жұмысын бастады.

Осы қысқа мерзім ішінде лейтенант Байжанов бірден екі ерлік жасады. 2020 жылы Амантай Байжанов пен оның әріптесі Жанболат Жаутин жалын шарпыған киімдері мен күйік қарыған қолдарына қарамастан, өрт шыққан үйден 15 адамды құтқарды. Ал 2021 жылдың 18 ақпанында ауа райының қолайсыздығынан Қостанай облысының трассаларында дауыл туралы ескерту жарияланды. Жол-көлік оқиғасы орын алған Федоровка трассасына шыққан тәртіп сақшысы Қостанайға дейін машиналар легін алып жүруді өзінің борышы деп санады. Ол боран салдарынан түк көрінбей бағдарсыз қозғалу мүмкін болмағандықтан жолаушыларға жол көрсетіп, қалаға дейін 2 км жүгіріп барған.

Жасаған ерлігі үшін А.Байжанов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталып, ҚР ІІМ логотипі бар қол сағаты сыйға берілді. «Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы, қайсарлығы мен ерлігі үшін», – делінген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қолы қойылған марапаттау туралы бұйрықта.

Қостанай облысының әкімі екі полицейді ғана емес, олардың ата-аналарын да алғыс хаттармен марапаттап, ұлдарын лайықты тәрбиелегені үшін алғыс айтты.

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен Қостанай облысы полиция департаментінің менің еңбегімді бағалағаны үшін өте қуаныштымын. Мен осындай жоғары наградаларды тағып жүргенімді мақтан тұтамын және өзім жақсы көретін істе адал қызмет етуге уәде беремін», – деп атап өтті Амантай.

А.Байжанов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының «Қоғам» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Полицейдің айтуынша, бұл ол үшін күтпеген жаңалық болған. Ол Нұр-Сұлтан қаласында өткен жоба жеңімпаздарын ресми марапаттау рәсімін және Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың құттықтауын үлкен мақтанышпен еске алады.