Елбасы кітапханасы республикалық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауы финалистерінің үлгісімен табысты, бәсекеге қабілетті және жаппай білім алуға бет бұру идеяларына арналған «Ұлы дала тарландары» атты ақпараттық жоба шеңберінде материалдар циклын беруді жалғастырады. Кітапхана музейінің жаңа ғимаратында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған жобаның жеңімпаздары туралы ауқымды экспозиция дайындалған. Бүгін 2019 жылғы финалист, жас ғалым Серік Нұркенов туралы айтамыз.
«Күллі әлемдегі қарқынды индустриалды даму экологияға орасан зор зиянын тигізіп келеді. Сондықтан орта дамыған сайын табиғатқа деген қарым-қатынасты жақсарта түсу қажет. Қазақстан өндірісті дамыта отырып өзінің экологиялық жағдайын да барынша қорғап, жақсарта алады. Осы мақсатта жасалған Экологиялық кодекстің жаңа жобасын қазір Орталықтағы біздің командамыз жүзеге асыруда, - деді Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы жанындағы ең озық қолжетімді технологиялар бюросы жетекшісінің орынбасары Серік Нұркенов.
Физика-математика ғылымдарының кандидаты, физика бойынша PhD докторы Серік Нұркенов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ауқымды жобасына қатысқаннан кейін кеңінен танымал болды. Ол ядролық медицина, ғарыштық және ядролық энергетикада қолданылатын, бериллий негізінде жасалған термикалық тұрғыда мықты жаңа нано-жабындыны жасап шығарушы-автор.
Онкологиялық, кардиологиялық және невропотологиялық ауруларды ерте анықтау үшін ғалымның йондалған сәуле таратудың ашық көздерін қолдану тәжірибесі ғылыми қоғамдастықта жоғары бағаға ие болды. Соның арқасында мыңдаған қазақстандық азаматтар қауіпті аурулардың «жаңа ісіктерді» ерте кезеңінде анықтай алды.
2003 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін үздік бітірген Серік Нұркенов одан әрі білімін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінде жалғастырды. Елордадағы өмір оған одан әрі дамуға жол ашып, ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша Чикаго университетіне оқуға түсті.
Серік Нұркенов үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық диагностикалық орталықтың ядролық медицина бөлімшесіндегі жұмысы баға жетпес тәжірибе болды, мұнда ол медициналық физиканы зерттеумен айналысты.
Ғылымның ең бір күрделі де, сұранысқа ие салаларының біріндегі білімін ол Германия, Словакия, Австрия, Италияда өткен тағылымдама кезінде жетілдірді.
Серік Нұркеновтің ғылыми қызметіндегі жаңа кезең оның жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар Халықаралық орталығына келісімен басталды. Бүгінгі ең озық қолжетімді технологиялар бюросы жетекшісінің орынбасары ретінде С. Нұркенов биыл жыл басында Қазақстан Президенті қол қойған Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы жобасын жүзеге асырумен айналысады.
«Біздің команда қазақстандық өнеркәсіптің озық қолжетімді технологиялар қағидатына көшу мәселесімен шұғылданады. Кәсіпорын өз өндірісін жаңғырту арқылы қоршаған ортаға тасталатын қалдықтарды азайту керек. Еуропада осы саладағы реформалардың жүргізілгеніне 30 жылға таяды және олар ғаламат нәтижелерге қол жеткізді. Біз кәсіпорын қазір қай деңгейде тұрғанын бағалау үшін кешенді технологиялық аудит жүргіземіз. Бұл мемлекет ағымдағы нақты жағдайды білуі және түсінуі үшін қажет. 2025 жылдан бастап Экологиялық кодекс күшіне енген сәттен бастап кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізу және жаңғыртуды бастайды және Еуропалық одақта қойылған мақсаттарға қол жеткізуде нақты мерзімдерді көрсетеді», - деді Серік Нұркенов.
Ғалымның айтуынша, экологияны қорғау отбасынан басталатындығын түсіну маңызды. Балалар мектепке дейін-ақ суды, қағазды, пластмассаны бей-берекет пайдаланудан қандай қауіп төнетінін түсінуі керек. Ал мектепте экологиялық тәрбиені күшейту қажет. Осы ретте Серік Нұркеновтің ойынша, итбалықтарды ұру оқиғасына байланысты тіпті үлкендерге де түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігін көрсетті.
«Экологиялық мәдениет халық арасында бір күнде, тіпті бір жылда да қалыптаса қоймайды. Бұл құндылық әрбір азаматтың санасында бала кезінен бастап қалыптасуы керек. Адамдарды қоршаған ортаны қорғауға шақырамын. Алдымен бір реттік полиэтилен пакеттерден бас тартып, оларды матадан жасалған азық-түліктерге арналған қарапайым сөмкелерге ауыстыру керек. Аз уақытта сіз экологиямыздың сақталуы сіздің әр күнгі шешімдеріңізге қаншалықты байланысты екенін түсінуді үйренесіз», - деп атап өтті С. Нұркенов.

